Шатырдағы мұздар адамдарға қауіп төндіреді, өйткені олар кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Егер ол адам басына түссе, салдары ауыр болады. Сүңгі мұз тек адамдарға емес, ғимараттардың маңында тұрған көліктерге де қауіпті. Шатырдан құлаған мұздан қаза тапқан адамдар да бар. Ендеше, одан өзіңізді қалай қорғай аласыз? Бірнеше пайдалы кеңес ұсынамыз.
1. Айналаңызды зерттеп жүріңіз. Мысалы, үйіңізден дүкенге дейінгі немесе жұмысқа дейінгі жерді зерттеңіз. Қай жерде қауіпті сүңгі мұздар барын біліп, ол жерлерді айналып өтіңіз.
2. Қар жауғаннан кейін және күн жылына бастағанда абай болыңыз. Қар жауғаннан кейін және күн жылына бастағанда жиі мұздар түзіліп, құлай бастайды. Сондықтан осы уақытта сақ болыңыз.
3. Егер жерден бұған дейін құлаған мұздың ізін көрсеңіз, бұл жер қауіпті болуы мүмкін екенін біліңіз.
4. Ескертулерге мән беріңіз. Егер қандай да бір жер қоршаулы тұрса, ол жерді айналып өтіңіз.
5. Егер өзіңіз тұратын үйдің төбесінен қауіпті мұздарды байқасаңыз, жергілікті МИБ қызметкерлеріне хабарласуыңызға болады. Олар мұзды алып тастау жұмыстарын жүргізуі керек.
6. Қандай да бір ғимаратқа кірерде кіреберісінің шатырына көз салып, тексеріңіз. Егер одан сүңгі мүздарды байқасаңыз, мұзы жоқ жағынан кіруге тырысыңыз және ол жерде көп кідірмей, жылдам кіріңіз.
7. Балаларға ескертіңіз. Балаңызға үй шатырларының астында ойнау қауіпті екенін түсіндіріңіз.
8. Егер жоғарыдан күмәнді дауыс естісеңіз, тоқтап, басыңызды көтеріп қарауға болмайды. Ол құлап келе жатқан мұз немесе қардың дауысы болуы мүмкін. Ғимараттан қашып жүгіруге де болмайды. Бұл кезде барынша қабырғаға жабысып тұру керек. Үйдің шатыры сізді қорғап қалады.
9. Басыңызды және мойныңызды қорғау үшін қолыңызды немесе сөмкеңізді пайдаланыңыз.
10. Бәрінен де сіздің денсаулығыңыз маңызды екенін ұмытпаңыз. Құлап жатқан мұздан мүлкіңізді немесе заттарыңызды қорғаймын деп тәуекел етпеңіз.
11. Шатырына мұз жиналған ғимараттардың қасына көлігіңізді қалдырмаңыз.
Оқи отырыңыз: Аяқ-қолыңыз мұздап қалса, қалай дұрыс жылыту керек? Дәрігер кеңесі