Әлеуметтік желіде продюсер Баян Мақсатқызы мен жұбайы Тұрсын Алагөзовтің қазақ киносының аңызы Меруерт Өтекешеваға жасаған ерекше тартуы қызу талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Продюсер актрисаға құндыз тон сыйлап, өмірінің соңына дейін ай сайын 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріп тұруға уәде еткен еді.
Телеарна мәліметінше, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешева бұл жаңалықты әлеуметтік желіден естіп, таңғалғанын жасырмаған. Оның айтуынша, Баян Алагөзовамен осы уақытқа дейін бетпе-бет кездесіп, сөйлеспеген.
Меруерт Өтекешева Баян Алагөзованың бұл қадамын өнерге деген құрмет деп түсінетінін жеткізді.
"Бұл жаңалық мен үшін күтпеген жерден болды. Баянмен өмірде кездеспеген екенбіз, жеке таныстығымыз жоқ. Бірақ оның жұмыстарын сырттай бақылап, талантты продюсер ретінде құрметтеймін. Құман екеуміз өмір бойы халыққа еңбек еттік. Бізде бизнес болған жоқ, бір жалақыға қарап жұмыс істедік. Сондықтан Баян біздің жағдайымызды түсініп, осындай ізгі ниет танытып отыр деп ойлаймын", - деді Меруерт Өтекешева.
Көпшілікті мазалаған сауалдың бірі - аты аңызға айналған "Қыз Жібек" фильміндегі камзолдың Баян Алагөзоваға қалай жеткені. Актриса бұл турасында өз болжамын айтты:
"Фильм түсірілімінен кейін ол камзолды көрмегенмін. Киностудия жабылған кезде костюмдердің бірі костюмердің қолында кеткен болуы мүмкін. Кімнің қолында болғанынан бейхабармын. Дегенмен сол жәдігерді 50 жыл бойы көздің қарашығындай сақтап, бүлдірмей бүгінге жеткізгені үшін алғыс айтамын. Камзолдың Баянға берілгеніне ренжімеймін. Ол да өнер адамы, қадірін біледі. Баян оны бәрібір мұражайға тапсыратынын айтты, бұл шешіміне ризамын".
Продюсердің ұсынған сый-сияпатын қабылдау мәселесіне келгенде, Меруерт Өтекешева әлі нақты шешімін айтпаған. Себебі екі тарап әлі кездесіп, жүзбе-жүз сөйлеспеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз