- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Олардың асы арам...
"Олардың асы арам болады". Ораза ұстамағандарға ауызашарға баруға бола ма?
Кей адамдардың ойынша, ораза кезінде ауыз бекітпеген адамның ауызашарға баруына болмайды. Ол жерден дәм татқан адамның асы арам болады деген де пікірлер кездеседі. Бұл қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа Әзірет Сұлтан мешітінің имамы Бағдат Ахмедалиұлы Muslim.kz-ке жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рамазан айында ораза ұстаған адамға ауыз аштырудың 4 түрлі сауабын жазған болатынбыз. Ал ораза ұстамаған адамның ауызашарға баруына бола ма?
"Рамазан айы - құран түскен ай. Осы айда біздің халқымыз, мұсылман бауырларымыз кешке ауызашар уақытында ораза ұстаған туған-туыс, ағайын, достар және құдаларын шақырып, дастархан жайып, ауыз аштырады. Ауыз аштырған соң адамдардың ішінде кейбір кезде ораза ұстамаған бауырларымыз, апаларымыз, ағаларымыз да келіп жатады. Ораза ұстамаған адам ауызашарға келіп, дәм татса, оның жеген асы арам болады деген сөздің ешқандай қисыны жоқ. Бұл діни жағынан алсақ та, өзіміздің ұлттық дәстүрімізбен қарасақ та, ешқандай қисыны жоқ нәрсе", - деді имам.
Бағдат Ахмедалиұлы бұл нәрсеге жақсы жағынан және тереңірек қарауға кеңес берді.
"Керісінше, біз бұл нәрсені тереңінен ойлап қарауымыз керек. Биылғы оразада бір кісінің ауызашарында ораза ұстамаған бір кісі келіп, сол жерде ораза ұстаған адамдармен отырып, жақсы, діни әңгімелерді естісе, оразаны ұстау керек екенін, Алла тағала тарапынан парыз екендігін естіп сол жерде өзіне рухани азық алса, ол мұсылман бауырымыздың келесі жылғы Рамазанда ораза ұстамасына кім кепіл", - деді ол.
Биыл Ораза 23 наурызда басталды. Ораза 2023 кестесін мына жерден көре аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін биылғы пітір садақа мөлшері белгіленгені хабарланған болатын. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.
А. Жапатова