"Ол ақшаны Қазақстанда 3 айда табасың". АҚШ-тағы қазақ қызы еңбек жолы мен табысы туралы айтты

"Ол ақшаны Қазақстанда 3 айда табасың". АҚШ-тағы қазақ қызы еңбек жолы мен табысы туралы айтты
Фото: instagram.com/aiym.nurr

Тараздық Нұрайымның АҚШ-қа көшіп, сол елде визаж, make up маманы болып жүргеніне 5 айдай болды. Ол Қазақстанда да make up саласында қызмет еткен. Бүгінде ол АҚШ-та америкалық аруларды бояндырып, табысты қызмет етіп жүр. Massaget.kz тілшісі отандасымызбен сөйлесіп, шет елдегі қызметі жайлы әңгімелесті. 

Нұрайымның визаж саласында жүргеніне 4 жылдан аса уақыт болған. Ол кішкентай кезден косметикалары көп болғанын армандап, мектептегі құрбыларын бояндырып жүрген екен.

"Визаж саласын оқытатын жоғарғы оқу орны жоқ болғандықтан әке-шешеме ауыртпалық салғым келмей жоғарғы оқу орнына грантқа түстім. Ақылы оқып не қажеті бар, егер мен басқа салаға кететін болсам деген ниетпен барынша грантқа түсуге тырыстым. Оқуға түскен соң оны оқу қажет. Міндетті түрде ол жақтағы орта, адамдар әсер етіп, қалай дегенмен де жоғарғы білім аласың. Қосымша басқа іспен айналысуға еш кедергі болған жоқ. Алматыға оқуға келген студент бірінші көп ақша тауып, тәуелсіз болуды армандайды. Сондықтан уақыт жоғалтпай, визаж курсын 10 күнде оқып шықтым", - дейді ол. 


Фото: instagram.com/aiym.nurr

Нұрайымның сөзінше, бастапқыда айналасындағы адамдар оның визаж саласында жүруіне қарсы болған. 

"Қазір не көп - визажист көп", "Саған клиент табылмайды", "Үлкен қалада қалай клиент табасың?", "Көп ақша керек" деген секілді сан түрлі сөздер естідім. Өзімнің мақсатымды айқын көріп тұрғандықтан, бұл менің арманым болғандықтан берілгім келмеді. Тіпті ата-анам бұл салаға қарсы болды. Басында жай бір ермек шығар, оқып бастап, кейін ұмытып кетер деп ойлады. Менде іштей бір дәлелдеймін деген ой тұрды. Бірақ ата-анама рақмет, барынша қаражатпен қолдап қолдауларын көрсетті", - дейді отандасымыз.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Oralbaikyzy Nuraiym???? (@aiym.nurr)

Сонымен Нұрайым оқуды оқып алған соң, косметика заттарын алып салонға жұмысқа тұруды шешеді. Бірнеше салонға кіріп шыққан. Қаладағы 10 салонның 9-ы оны жұмысқа қабылдаудан бас тартқан.

"Тіпті бір салонның директоры маған:"қазір не көп - визажист көп, одан басқа нәрсемен айналыспайсың ба?" деп дөрекі бетімді қайтарғаны бар. Кейін бір салонға кіріп жұмыс істеп кеттім. Алғашқы табысыңды өз сүйікті ісіңмен айналысып тапқанқандықтан ерекше сезім болды. Кейін басқа салондарға кіріп, 2 жылдай жұмыс істеп жүрдім.

Біреудің салонында жұмыс істеу - жай ғана жайлы зона. Клиент бар, келесің, клиенттерді бояндырып,  күнде робот секілді жұмыс істейсің. Сенің емес, салонның аты жұмыс істеп тұрады! Ал менің бір орында тұрғым келмейтіні бар. Өскім келді өз атымды шығарғым келді. 2 жылдан соң жеке шығып жұмыс істей бастадым. Instagram, жеке брендті қолға алып, өзім клиенттер іздеп, жайлы зонадан шықтым. Бастапқыда, әрине, бәрінде қорқыныш болады. Қазір сол кездегі қорқынышты жеңгенімнің арқасында 15 000 оқырман, 2000 астам клиент, 500-ге жуық шәкірт оқыттым", - дейді Нұрайым. 


Фото: instagram.com/aiym.nurr

Отандасымыз таңдауы неліктен АҚШ-қа түскенін айтты. 

"Мен өзім саяхаттағанды жақсы көретінмін. Өткен жылы Еуропаны барып көріп, керемет әсер алдым. Сол кезде "неге шетелде жұмыс істеп көрмеске?" деп ойладым. Ойыма бірден АҚШ келді. Бірақ ішімнен "Американы бағындырып жұмыс істесең сен үшін бұл өмірде бағындыра алмайтын қамау болмайды-ау" деп ойладым. Мен тек сүйікті ісім визаж арқылы өзімді Америкада сынап көрейін деп шештім. Бұл да бір тәжірибе", - дейді ол. 

Нұрайым Instagram желісіндегі парақшасына ерекше назар аударады. Жеке бренд қалыптастырып, жұмыстарын сапалы түрде фото мен видеоға түсіріп, бөлісіп отырады. Ол осы арқылы сенімді бола бастағанын да айтады. 

"Америкалықтар өте эмоционалды, әрі табиғи боянғанды жақсы көреді. Олар өте жеңіл, еш нәрсені қиындатпайды. Менен 100 пайыз өзгеріп кетулерін сұрамайды, себебі олар өздерін қабылдай біледі. Ұнаған жағдайда барынша алғысын айтып, эмоциясын көрсете алады. Оны көріп мен одан сайын рахаттанамын. Бұл жақта шайпұл мәдениеті бар. Сенің қызметіңе төлейді және алғыс ретінде үстінен шайпұл береді. Өз жұмысымды сапалы жасай білетінімді америкалық клиенттер де бірден байқады. Instagram, Facebook желісінде жазып, маған "жұмыстарың керемет" деп жылы сөздер айтады", - дейді Нұрайым. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Oralbaikyzy Nuraiym???? (@aiym.nurr)

Сонымен қатар, отандасымыз табысы жайлы және АҚШ-та визаж маманы болу қаншалық тиімді екенін айтып берді.

"Жұмысым клиенттерге байланысты. Кейде екі-үш күн клиент болмай қалса, кейде бір күнде 3 клиент болып қалуы мүмкін. Шамамен айтқанда айына 5000-6000 доллар табамын. Ең қызығы мұндай табысты мен Қазақстанда да тауып көргенмін. Бірақ ол ақшаны Қазақстанда 3 айда табасың. Ал мұнда айына осындай табыс табуға болады. Бірақ АҚШ-та тұратын жер, күнделікті тіршілік, азық-түлік, қыдыруың, киімдер қымбат екенін ескерген жөн.

АҚШ-та визаж маман болған, әрине, тиімді. Өз сүйікті ісіңмен айналысудың ең үлкен артықшылығы да сол, күніне 1-2 сағат жұмыс істеп, жақсы ақша тауып, одан кейін басқа ісіңмен айналысып жүре беруіңе болады", - дейді Нұрайым.


Фото: instagram.com/aiym.nurr

Отандасымыз шетелде жұмыс істеп көргісі келіп жүргендерге кеңесін де берді. 

"Қорықпаңыздар. Әрекет сіздерден берекеті Алладан. Өздеріңізге сеніңіздер. Әрекет етіп, тәуекел етіп көріңіздер. Өздеріңізді шетелде сынап көріңіздер. Сол кезде ғана өсесіздер. Сұлулық саласында жүрген адамдарға да айтарым - бұл әлем шексіз мүмкіндікке толы, өзіңізді бір жермен шектемеңіз", - дейді Нұрайым.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина