“Оқ басын тесіп өткен“. Тәліптерге жалғыз өзі қарсы тұрған қайсар қыз

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 

Расында, білімсіз адамды басқару оңай. Америкалық жазушы Жульен Смиттің айтуынша, мұндай адамға ақша табу да қиын іс емес. Ал түгелдей халықтың ілімге жолын жабу - бұл үлкен қастандық. Мұндай қатермен жалғыз өзі күрескен кейіпкер - Малала Юзуфсай. Massaget.kz тілшісі "Қайталанбас тұлға" айдарының келесі кейіпкері туралы баяндайды. 

Малала қазір 27-де. Бұдан 15 жыл бұрын әйелдердің білім алуға мүмкіндігі үшін күрескен қайсар қыз өлім аузынан аман қалады. Өмірі шытырман мен күреске толы қыз бұл ерлігі үшін 2014 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанды. 

Малала - 1997 жылы Пәкістанда дүниеге келген. 11 жасында BBC-ге жазған блогы арқылы танылды. Онда ол тәліптердің қыспағы, олардың Сват ауылын басып алмақ болғаны мен әйелдердің білім алуға мүмкіндігі шектеулі екенін айтқан. Жыл аяғында пәкістандықтар тәліптерге төтеп берді, ал Малала жастар арасында үздік деп танылды. 

Малаланың әкесі мектепте директор болып, қыздар да білім алуы керек деген ұстанымда болған. 

Кішкентай қызға жасалған қастандық 

2012 жылғы 9 қазанда Малала мектеп автобусымен үйіне қайтып келе жатқанда бетперде киіп, қаруланған адамдар автобусты қоршап алады. Олардың бірі автобусқа кіріп, балалардан Малала кім екенін сұрайды. Оның кім екенін анықтағанда тәліптердің бірі оның басына оқ атады. Оқ қыздың басын, мойнын тесіп өткен. Малаланың артындағы отырған екі қыз да жарақат алған. Қыз Пешавардағы әскери госпитальге жеткізілді. 

Instagram/malala

Малала Ұлыбританияда ем қабылдады. Қыздың әкесі емдік шаралар аяқталғаннан кейін Пәкістанға қайта оралатынын айтып, мәлімдеме жасаған еді. 

"Маған қалай оқ атылғаны есімде жоқ. Мен бұл туралы есіме алмаймын, ойлағым да келмейді. Менің әкем - мен үшін батыр адам. Ол Пәкістанда қалып, әлі күнге дейін сонда жұмыс істеп жатыр. Бірақ бәрінің назарынан тыс қалатын тағы бір адам бар. Ол - менің анам. Анам үнемі мені қолдап, әділдік үшін күресіміз дұрыс екенін, шыншыл болудан қорықпау керегін айтады", - деген еді ол сұхбаттарының бірінде. 

2013 жылғы қаңтарда қыз ауруханадан шығарылды. Бірақ әлі күнге дейін толық жазылып шыққан жоқ. 

Сол жылы Малала ұлыбританиялық журналист Кристиной Ламбпен бірігіп кітап жазып шығарады. Ал 2015 жылы Сириядан қашқан қыздарға Ливанда мектеп ашты.

2021 жылы 24 жастағы Малала күйеуге шықты. Оның таңдауы құқық қорғаушы Ассер Маликке түсті. Ол Пәкістанда білім алған, спорт саласында менеджер болып жұмыс істейді. 

27 жастағы Малала қазір Ұлыбританияда тұрады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!