Уақыт өте адамның дауысы шынымен де өзгереді. Бірақ біреулердікі қатты, басқалардікі аз ғана өзгеріске ұшырайды. Бұл процесті қалай тоқтатуға болады? Дауыс бұзылысымен айналысатын дәрігер - фониатр Олег Елисеев "Doctorpiter"-ге даусыңыз құлаққа жағымды болып қалу үшін не істеу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Науқастар жас ұлғая келе неліктен дауыс өзгереді деп жиі сұрайды. Пресбифония деген диагноз бар. Бұл дауыс қызметінің жас ерекшелігіне қарай төмендеуі, - дейді дәрігер. - Дауыс желбезектері бұлшықет болғандықтан, дауыс қызметтері өзгереді. Бұшықет тонусы уақыт өте бүкіл ағзада, соның ішінде көмекейде де төмендейді".
Алайда бұл процесті баяулатуға болады. Олег Елисеев дауыс жастығын ұзартуға болатын төрт кеңес берді:
1. Ұйқыны қандырыңыз және күйгелектенбеңіз
Дауыс қатпарларының тонусы ұйқы жетіспеушілігінен және үнемі күйзелісте болудан төмендейді.
"Дауыс желбезектерін тонуста сақтау үшін біз науқастарға ұйқыны қандыруға, дұрыс күн тәртібін және ұйқы режимін сақтауға кеңес береміз", - дейді дәрігер.
2. Денсаулығыңызға күтім жасаңыз
Ағзада барлығы бір-бірімен байланысты. Жұтқыншақтағы және мұрын қуысындағы қабыну өзгерістері, ауыз қуысы және көмекей аурулары, өкпе аурулары, жүйке жүйесі патологиялары, эндокринді бұзылыстар және асқазан-ішек жолы проблемалары - мұның барлығы біздің даусымызға зиян келтіре алады.
Ескерту: даусыңыздың өзгеруі екі аптадан аса уақытқа созылса, міндетті түрде оториноларингологқа қаралу керек.
3. Сөйлеңіз
Адамдар жас ұлғая келе өте аз сөйлейді. Зейнетке шыққан адам әріптестерімен сөйлеспейді, балалар өсіп кетті, достармен сирек кездеседі. Алайда жас ұлғая келе үндемей жүруге болмайды. Бұлшықеттер жұмыс істеуі керек.
"Егер сөйлесетін ешкім болмаса, біз дауыстап өлеңдер оқуға кеңес береміз", - дейді дәрігер.
4. Сыбырлап сөйлемеңіз
Даусыңыз әдемі болып қалу үшін сақтау керек тағы бір ереже - сыбырлап сөйлемеу.
"Әдетте адамдар тамағы ауырғанда сыбырлап сөйлейді. Адам тамаққа артық күш түсірмеу керек деп ойлайды. Алайда бұл зиян", - деп ескертті ол.
Егер науқас ларингит кезінде ұзақ уақыт бойы сыбырлап сөйлесе, бұл дұрыс емес механизм сауыққаннан кейін де сақталуы мүмкін. Сондықтан тамағыңыз қырылдап тұрса да, сыбырлап сөйлеудің қажеті жоқ. Тамағыңыз ауырғанда сыбырлағаннан гөрі көп сөйлемеуге тырысыңыз.
Оқи отырыңыз: Шикі жұмыртқаны ішуге бола ма? Маман жауап берді