Негізінде XIX ғасырдың соңына дейін дәрігерлер де, тіпті, хирургтар да арнайы киім кимеген. Олар ота жасайтын бөлмеге сыртынан алжапқыш іліп алып күнделікті киіммен кіре берген. Ендеше, дәрігерлер қашаннан бастап және не үшін ақ халат киіп бастаған?
Медициналық қызметкерлер алғаш рет ақ халатты шамамен 1875-жылдардан бастап киген. Себебі шамамен осы уақытта ағылшын хирургы Джозеф Листердің ота алдында барлық құралдарды өңдеу керегі жайлы теориясы кең тарай бастаған.
Бастапқыда халаттар мен қалың резеңке қолғаптарды дәрігерлердің көмекшілері киген. Олар осылайша бөлмені және құралдарды зарарсыздандыратын химиялық ертінділерден қолдары мен киімдерін қорғаған. Содан соң бұл тәжірибені хирургтар да қолданған. Алайда бастапқыда бұл қиынға соққан, себебі қолғаппен скальпельді ұстау ыңғайсыз болды. Бірақ халат дәрігердің киімін қан мен химиялық ерітінділерден жақсы қорғады.
Дәрігерлердің ақ халат киюінің себептері
Біріншіден, ақ матадан қан және басқа да сұйықтықтың дағын байқау оңай. Мұндай дақтар уытты және жұқпа тасуы мүмкін еді.
Екіншіден, ақ мақта немесе зығыр матаны жоғары температурада еш қиындықсыз жууға болады. Ал боялған матаны бұлай жуа берсе, жылдам түсі кетіп қалады.
Үшіншіден, ақ түс көзге бірден түседі. Мысалы, ауруханада науқастар дәрігерді мұндай киіммен бірден таниды. Сол секілді дәрігерлер де әріптестерін адамдар арасынан жылдам табады.
Төртіншіден, ақ - тазалық, мейірімділік және шынайылық түсі. Көптеген мәдениетте ақ түс жақсы нәрселермен, ал қара, керісінше, жаман нәрселермен ұқсастырылады.
Алайда соңғы кездері кей елдердің дәрігерлері дәстүрлі ақ халаттан бас тартып жатыр. Жеңі ұзын ақ халаттың жеңіне микробтар көп жиналады екен. Сондықтан дәрігерлер жеңі қысқа және көгілдір, жасыл медициналық киімге ауысып жатыр.
Оқи отырыңыз: Хирург мамандар неге жасыл немесе көк халат киеді?