Кей адамдар қандай да бір түсті қайталап көре береді. Әдетте, мұндай түсте картина өзгермейді немесе аздап өзгереді, бірақ адам сол жағдайды қайта-қайта бастан кешуге мәжбүр болады. Түстің бұлай қайталануы, әсіресе, жағымсыз түс болса, адамды қорқытады және алаңдатады. Гарвард медициналық мектебі психология пәнінің оқытушысы Дейрдре Баррет не үшін бұлай болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Rbc.ua-ға сілтеме жасап.
Дейрдре Баррет - ұйқы және түс тақырыбында бірнеше жеке зерттеулер жүргізген маман және түс жору жайлы бес кітаптың авторы.
Неліктен түстер қайталанады?
Психологтың айтуынша, қайталанатын түстер шынайы өмірдегі уайымдардан, сәтсіздіктерден қорқудан және басқа да факторлардан туындайды. Егер бұл түс екі реттен көп қайталанса, оны қайталанатын түске жатқызады.
Көбіне мұндай түстер уайымдармен және шынайы өмірдегі күрделі проблемалармен байланысты.
Балалық шақта түстер өте жиі қайталануы мүмкін және жиі олар қорқыныштармен байланысты. Мысалы: жалғыз қалу, ата-анасынан айырылу, "құбыжықпен" кездесу және т.б.
Ересек жаста шынайы өмірмен байланысты түстер көруі мүмкін. Мысалы, адам бір жерге кешігіп келе жатыр. Бұл жұмысқа уақытында келмеу немесе маңызды кездесуден қалып қою жайлы санасыз түрдегі қорқыныштан туындайды.
Мұндай түстердің тағы бір себебі - сәтсіздіктен қорқу. Мысалы, емтиханда. Әлеуметтік қысым мен өзіне деген сенімсіздік жағдайды одан сайын нашарлатады.
Ал тістің жоғалуы немесе зақымдануы туралы түстер шынайы өмірде бір нәрсені немесе біреуді жоғалтумен, қорғансыздық сезімімен немесе денсаулық мәселелерімен байланысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар, қайталанатын түстерді мазасыздықпен қиналатын немесе зақым алғаннан кейін күйзелістегі адамдар көреді. Психологиялық зақымның ауыр болғаны соншалық, ол қорқынышты түс арқылы бір сюжетті қайталап көре береді.
Психологтар қайталанатын түстердің тағы бір себебіне апноені жатқызады. Апное - ұйқы кезінде адамның бірнеше рет тыныс алуын тоқтатуы.
Мұндай түстерден қалай арылуға болады?
Психологтың айтуынша, бұл проблемадан арылу үшін мазасыздық тудыратын жағымсыз себептерден арылу керек. Сондай-ақ медитацияның пайдасы зор.
Сондай-ақ қайталамалы түстерден арылуға күн тәртібін реттеу, тыныс алу жаттығулары, ұйқы сапасын жақсарту және серуендеу көмектеседі.
Егер түстер адамда күйзеліс пайда болуына әкелсе және өмір сапасын нашарлатса, психолог, психотерапевт, психоаналитик мамандарының көмегіне жүгіну қажет.