Нәтиже бермей қалуы мүмкін: дәрігер омега-3 таңдауда жиі жасалатын үш қатені атады

Нәтиже бермей қалуы мүмкін: дәрігер омега-3 таңдауда жиі жасалатын үш қатені атады
Фото: depositphotos.com

Эндокринолог-диетолог және нутрициолог Мария Скибицкая омега-3 қоспасын таңдауда жіберілетін үш басты қатені атады. Бұл қателер қоспаның тиімділігін жоққа шығарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Gazeta-ға сілтеме жасап.

Омега-3 — бұл гормондар синтезі, жүрек, ми және иммун жүйесінің жұмысы үшін қажет полиқанықпаған май қышқылдары. Алайда барлық қоспалар бірдей тиімді емес, сондықтан пайдалы болуы үшін дұрыс таңдай білу маңызды.

Скибицкаяның айтуынша, ең алдымен шикізаттың қайдан алынғанына назар аудару керек.

"Нутрицевтиканы таңдағанда, балық майының тазарту деңгейі мен шикізаттың көзін мұқият зерттеу қажет. Сенімді өндірушілер бұл мәліметтерді жасырмайды. Сапалы шикізат ауыр металдар секілді бөгде заттардан арнайы тазарту процесінен өтеді", – дейді ол.


Екінші жиі кездесетін қате – ЭПК (эйкозапентаен қышқылы) мен ДГК (докозагексаен қышқылы) концентрациясына назар аудармау.

"Жоғары сапалы шикізаттан жасалған омега-3 құрамында осы екі қышқылдың нақты мөлшері көрсетіледі. Қажетті дозаны және қабылдау ұзақтығын дәрігермен кеңесіп анықтаған жөн. Бұл екі қышқылдың жалпы үлесі 60 пайыздан кем болмауы керек", – деп түсіндіреді маман.


Сонымен қатар ЭПК мен ДГК арасындағы сандық қатынас та маңызды: ең тиімдісі – 2:1. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, омега-3-ке тәуліктік қажеттілік – 500-1000 миллиграмм.

Маман қышқылдарға үнемдемеуге және күмәнді баламалардан аулақ болуға кеңес береді.

"Омега-3 ауа мен жарықпен жанасқанда, сондай-ақ ағза ішінде де тотығуы мүмкін. Сондықтан сапалы қаптамамен қатар, құрамында антиоксидант (мысалы, Е дәрумені) болуы керек, ол ағзада тотығудан қорғайды. Мұндай нутрицевтикаларды таңдауға кеңес беремін. Жалған өнімдерден сақ болыңыз және таңбаларды мұқият оқыңыз. Сертификатталған өнімдерді таңдаңыз", – дейді ол.

Омега-3 қоспасын қабылдамас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп, дұрыс дозаны анықтап алу қажет.
 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget