Прогерия ауруына шалдыққан Қазақстандағы жалғыз адам Нұржан Өркешбаев емделуге ниеті болса да, ешқандай жеңілдіктер жоқтығына налиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жағдайымды кімге барып, айта берейін? Мейлі облыстың дәрігерлері болсын, шенділері болсын, ешқайсысы денсаулық жағдайымды сұрап жатқан жоқ. Емделу үшін, ота жасату үшін, қомақты ақша керек. Азын аулақ малға қарап отырған мен сияқты адамға бұл аз қаражат емес", - дейді Нұржан.
Бүгінде Нұржан мал бағудан бөлек, тойларда ән айтып, нәпақа тауып жүргенін айтты.
"Өзім тұрақты жұмыс істейтін асабам бар. Демалыс күндері тапсырыс көп түседі. Атыраудың басы, кейде Ақтауға барып жүрмін. Мүгедектікке байланысты алып отырған жәрдемақым тоқтап қалды. Атыраудағы құзырлы орган "жұмысқа жарамдысың" дейді. Аудан "жарамсызсың" дейді. Дәрігерлерге қаралайын десем, "мед сақтандыруың жоқ" дейді. Сонымен, жәрдемақы жағын қайта рәсімдеу мәселесі түсініксіз күйінде қалып отыр" - дейді Нұржан.
Осыдан біраз жыл бұрын шаңырақ көтерген Нұржан жұбайымен дәм-тұзы жараспай, екі жаққа кеткенін айтты.
"Қазір бойдақпын. Бірақ, әлі де болса үмітім бар", - дейді Нұржан.
Бүгінгі таңда Нұржан Атырау облысына қарасты өзі туып-өскен Мұқыр ауылында тұрып жатыр.
Еске сала кетсек, Нұржан Өркешбаев туралы 2000-жылдары алғаш айтыла бастады. Ол кезде Нұржан небәрі 10 жаста болатын. Нұржан туралы БАҚ кеңінен жаза бастағаннан кейін ерте қартайған бала Ресей, Германия елдерінің бірқатар клиникасына барған. Бірақ әйгілі клиникалар Нұржанның ДНҚ сараптамаларын тексергеннен басқа ем көрсете алмады. Кейін Жапонияның профессорлары Нұржанға зерттеу жүргізді.
Әлем дәрігерлері шарасыздығын мойындаса да, Нұржанды емдеуге батылдық танытқан қазақстандық пластикалық хирург Болат Байыров болды. Нұржанға ол Алматы қаласында
үш мәрте пластикалық ота жасады.
Баян Жанұзақова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз