Дәрігер-диетолог Софья Кованова нан жеген адам міндетті түрде семіреді деген түсініктің қате екенін айтты. Ол aif.ru басылымына берген сұхбатында артық салмақ қоспау үшін нанды қалай жеу керегін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, нан адамды семіртпейді. Салмақ қосып-қоспау оның құрамына, құнарлылығына және қанша мөлшерде желінетініне байланысты. Мәселен, тұтас дәннен жасалған нанның құрамында жасұнық көп болғандықтан, ол адамды ұзақ уақыт тоқ ұстайды. Алайда жұқа лаваш пен нанның басқа түрлерін де зиянды деп айтуға болмайды.
"Адамды міндетті түрде семіртетін нан түрі жоқ. Сол сияқты еш шектеусіз, қалағаныңша жеуге болатын нан да болмайды", – деді Софья Кованова.
Диетолог нанды таңдағанда оның түріне ғана емес, немен бірге жейтініңізге де назар аударуға кеңес берді.
Оның айтуынша, нанды майлы тағамдармен бірге көп мөлшерде жеу артық калорияға әкелуі мүмкін.
Мысалы, лаваштың ішіне ірімшік, майонез бен сары май қосып, оны майға қуырып жесеңіз, калориясы әлдеқайда жоғары болады. Ал лавашты ет, көкөніс және көк шөппен бірге дайындасаңыз, оның құнарлылығы мен ағзаға беретін пайдасы өзгереді.
Маман наннан толық бас тартудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Ең бастысы – мөлшерден асырмай жеу және оны қандай тағамдармен бірге тұтынатыныңызға мән беру.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!