“Мұра етіп қалу керек“. Құралай Анарбекова мәһрге не сұрайтынын айтты

Танымал продюсер және актриса Құралай Анарбекова Дина Төлепбергенге берген сұхбатында көпті қызықтыратын сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Актриса мәһрге екі мың кітап сұрайтынын айтып, оның себебін түсіндіріп берді.

"Мен мәһрге 2 000 кітап сұраймын. Пәтерді де, көлікті де сатып жіберуге немесе ауыстырып алуға болады. Бұл маған бірден 2 000 кітапты берсін деген сөз емес. Бұл кітаптарды уақыт өте бірге жинаймыз. Олар коллекциялық кітаптар болуы керек. Оны мұра етіп, аманат етіп балаларыңа, немерелеріңе қалдырасың. "Анамның, әжемнің мәһрінен қалған кітапхана" деп айтып жүрсе екен деймін", - деді Құралай Анарбекова.

Қазақстанда мәһрді алып тастады ма?

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі "Қалың малға дініміз не дейді?" тақырыбында пәтуа шығарған болатын. Онда күйеуі тарапынан берілетін қалың малды қыздың разылығымен мәһрге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болатыны жазылған. "Әке еңбегі", "ана сүті" секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһрге жатпайды.

Бұл пәтуадан соң көпшілік мәһрді алып тастады деп түсінді. 

Алайда кейін ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы мәһр мен қалың малға қатысты пәтуаны түсіндіріп берді.

"Мәһр - ердің қызға беретін сыйақысы. Бұл міндет болып табылады және некеде айтылмаса да, жігіттің мойнында міндет болып қала береді. Ал бұрынғы кезде ата-бабаларымыз жігіт жақтың тарапынан қалың малды қыздың жасауы етіп жіберген кезде қыз осы жасауды мәһр ретінде қабылдаған. Бұл - дәстүр және үрдіс ретінде жүріп келген дүние. Оны халық та, қыз да білетін. Уақыт өте қалың мал біршама өңірлерде берілмейтін болды. Ондай кезде мәһр айтылуы керек. Осы себептерден мәһр айтылып бастады. Мәһр әрқашан жігіттің мойнында болып есептелінеді. Ал енді қалың мал берілетін өңірлерде сол қалың малды мәһрге жатқызуға бола ма? Пәтуада осы мәселе қозғалған болатын. Қорытындылай келе, жігіт жақтан берілген қалың малды қыздың артынан жасау қылып жіберетін болса, қыз осы жасауды мәһр ретінде қабылдауға келісім берсе, сол жіберілген жасау мәһр болып есептелінеді. Бірақ ол мәһр болып есептелінуі үшін қыздың ризалығы керек. Сондықтан ҚМДБ мәһрді жойып жіберген жоқ, дініміз бен дәстүріміздің ұштасқан көрінісін қайтадан жаңғыртты", - деді Елбек Тасболатұлы.

Мәһр деген не және оны не үшін сұрайды? Толығырақ мына жерден оқыңыз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!