Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова әлеуметтік желіде санаға сіңген сенімдер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Жалған сенімдер… Иә, біздің санамызда жалған сенімдер өте көп. Соның бірі: "Әкесіз бала толыққанды болып өспейді!" деген. Өседі, өскенде қандай керемет бала болып өседі. Ол үшін, жалғызбасты аналар: осы жалған сенімді саналарыңыздан алып тастаңыздар! Сіз жалғыз өсіріп отырған жоқсыз. Сізде, балаңызға тағдыр беретін, ең басты қолдаушыңыз Алла бар. Балаға махаббат сездіретін ата-ана, бауыр, т.б. жақындарыңыз бар. Есесіне, күмәніңіз болмасын, сіз өте керемет анасыз! Осыны естен шығармаңыз! Балаларымыз аман-есен жанымызда болсын! Құшақтадым!", - деп жазды әнші.
Желі қолданушыларын да осы тақырып толғандырып жүргені байқалады.
"Әке-шешесі бар небір малғұндар бар ғой, Анасы ғана өсірген талай саналы азаматтар бар ғой", "Мен әкемді көрмегем, өмірден ерте өтіп кетті. Бірақ өмірімде анамның арқасында, әкем болғанда ғой деп армандамаппын. Кейбіреулер мүмкін бізді әкесі жоқ байғұс ай деп мүсіркей қараған да шығар. Бірақ оны ойлап жүрген біз болмадық. Енді бір әңгіме айтсам, жақында жұмыстағы бір апай ұлына "ата-анасы бар қыз ал, құда мен құдағи да бар болсын деп айттым" дегенін естіп, ойға қалдым. Мысалы, мен әкемнің жоқ болғаны үшін кінәлімін бе? Қайта, менің ойымша, әкесіз өскен балалар мықты боп өсетін сияқты", "Күнде шешесін ұрып-соғып отырған әкесінен қорқып өскенше, шешесінің жанында еркін өскені дұрыс, ана баласы үшін отқа да күйеді, суға да түседі, анасының жанында анасының мейіріміне шомылып өскен бала жаман болмайды", "Әке орнына әке болып балаларын ешбір адамнан кем қылмай, балаларым ішсін, балаларым кисін деп жүрген аналарымыз аман болсын! Әкесіз өскен тектілерді де көріп жүрміз, әкенің махаббатына бөленіп өскен тексіздерді де көріп жүрміз. Ең бастысы - бала саналы, иманды, мейірімді болса болды. Баланың қандай болып өсуі әкенің бар-жоғына байланысты деп ойламаймын. Алла сана берсе болғаны!" деген мағыналы пікірлерді кездестіруге болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!