Мобильді аударымдарды бақылау: қыркүйектен бастап кімдер тексеріледі?

Мобильді аударымдарды бақылау: қыркүйектен бастап кімдер тексеріледі?
Фото: Midjourney

Қазақстанда қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексерудің жаңа ережелері күшіне енеді. Биыл үш ай үшін 1 миллион теңгеден асатын шек енгізіледі. Мемлекеттік кірістер комитеті қандай жағдайда мобильді аударым кәсіптен түскен кіріс ретінде қаралатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мобильді аударымдарға қатысты жаңа шек кімдерге әсер етеді?

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәліметінше, 3 ай ішінде бір адамның банк шотына әртүрлі адамнан 100-ден аса аударым түссе, бұл кәсіпкерлік қызметтен түскен кіріс болып есептеледі.

Бұл ретте 100 түрлі тұлғадан түскен соманың мөлшері ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асуға тиіс. 2025 жылы ЕТЖ - 85 000 теңге. Осылайша биыл бұл сома 1 020 000 теңге болады.

Мобильді аударымдар қалай бақыланады?

Ақпаратқа сүйенсек, банктер белгілі бір уақыт аралығында мобильді аударымдар саны мен көлемі белгіленген шектен асқан жеке тұлғалар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Одан кейін салық органдары осы ақпаратты талдайды.

Бұл шектен асқан жағдайда не болады?

Кәсіпкерлік қызметтің белгілері анықталған жағдайда мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғаға анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін хабарлама жібереді. Хабарламаны орындауға оны жіберген күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі.

Хабарламаны орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда салық органы салық тексерісін тағайындайды.

Ақша аударған кезде "рақмет", "қайтардым" немесе "қарыз" деп жазуға бола ма, бұл салық органдары тарапынан туындауы мүмкін сұрақтардан сақтануға көмектесе ме? Еске салайық, бұған дейін дәл осы сауалға Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жауап берді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget