Ми қатерлі ісігі: маңызды сауалдарға жауап

Ми қатерлі ісігі - жүйке тіні жасушаларынан немесе ми қабығынан дамитын қатерлі ісік. Бұл ауру онкологияның басқа түрлеріне қарағанда сирек кездеседі, бірақ өте қауіпті. Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығының онкологы Ирина Мещанинова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ми қатерлі ісігінің нақты себептері толық зерттелмеген. Дегенмен қауіпті арттыратын бірқатар фактор бар: тұқым қуалайтын бейімділік, радиациялық және канцероген заттардың әсері, бас жарақаттары, жүйке жүйесінің созылмалы аурулары, иммунитет әлсіреуі.

Ауруға тән белгілер:

  • таңертең немесе түнде күшейетін тұрақты бас ауруы;
  • жүрек айнуы, құсу;
  • көру немесе есту қабілеті төмендеуі;
  • есте сақтау қабілеті, сөйлеу және зейіннің бұзылуы;
  • аяқ-қолдың әлсіздігі немесе ұюы;
  • ұстама.

"Бұл белгілер басқа аурулармен де байланысты болуы мүмкін, сондықтан мұндай белгілер пайда болған кезде дәрігердің тексерісінен өту керек", - деді маман.

Дәрігер салауатты өмір салтын ұстануды, канцерогендерден аулақ болуды, созылмалы ауруларды дер кезінде емдеуді және үнемі медициналық тексерістен өтуді ұсынды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!