Ми қатерлі ісігі - жүйке тіні жасушаларынан немесе ми қабығынан дамитын қатерлі ісік. Бұл ауру онкологияның басқа түрлеріне қарағанда сирек кездеседі, бірақ өте қауіпті. Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығының онкологы Ирина Мещанинова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ми қатерлі ісігінің нақты себептері толық зерттелмеген. Дегенмен қауіпті арттыратын бірқатар фактор бар: тұқым қуалайтын бейімділік, радиациялық және канцероген заттардың әсері, бас жарақаттары, жүйке жүйесінің созылмалы аурулары, иммунитет әлсіреуі.
Ауруға тән белгілер:
- таңертең немесе түнде күшейетін тұрақты бас ауруы;
- жүрек айнуы, құсу;
- көру немесе есту қабілеті төмендеуі;
- есте сақтау қабілеті, сөйлеу және зейіннің бұзылуы;
- аяқ-қолдың әлсіздігі немесе ұюы;
- ұстама.
"Бұл белгілер басқа аурулармен де байланысты болуы мүмкін, сондықтан мұндай белгілер пайда болған кезде дәрігердің тексерісінен өту керек", - деді маман.
Дәрігер салауатты өмір салтын ұстануды, канцерогендерден аулақ болуды, созылмалы ауруларды дер кезінде емдеуді және үнемі медициналық тексерістен өтуді ұсынды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова