Маск Марсты игеру үшін қанша адам қажет екенін айтты

Америкалық кәсіпкер, SpaceX басшысы Илон Маск Марсты игеру үшін Жерден кемінде 100 мың ерікті қажет екенін айтты. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісінде жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Starship адамдарды Марсқа қондыратынына сенімдімін", - деп жазды Маск.

Маск бұл сөзін Ars Technica басылымының редакторы Эрик Бергердің пікірімен байланыстыра айтты. Бергер Starship табысына күмән барын жеткізгенімен, адамдарды ғаламшарымыздан алысқа апара алатын жалғыз аппарат дәл осы кеме екенін атап өтті. Маск өз кезегінде басқа планеталарды игерудің "жалпы жоспары" барын және Starship табысына күмәнданбайтынын мәлімдеді.

Кәсіпкердің айтуынша, нәтижеге жету үшін адамдарды бір рет жіберу жеткіліксіз - Марста өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастыру керек. Ол үшін Марсқа кемінде 100 мың еріктіні жіберіп, алғашқы колонияны құру қажет. Бұған қоса, Жерден кемінде 1 миллион тонна жүктi - колония салуға қажетті жабдық пен материалды - жеткізу керек.

Бұған дейін Starship кемесі 11-ші сынақ ұшуды сәтті орындаған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз