Марқұм Ұлдананың анасы бұрынғы күйеу баласының қайта үйленгенін қалай білген?

Марқұм Ұлдананың анасы бұрынғы күйеу баласының қайта үйленгенін қалай білген?
Фото: instagram.com/rustemova_aliya

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанқұлова бұрынғы күйеу баласы Әділет Зейнелдің қайта үйленгенін интернеттен білгенін айтты. Бұл жаңалық оған ауыр тиіп, кейінгі кездегі жағдайларды қайта саралауға мәжбүр еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында Сәлима Ешанқұлова бұл жаңалықтан кейін таңға дейін ұйықтай алмағанын айтты.

Оның айтуынша, Ұлдана қайтыс болған соң отбасы көлік, зейнетақы жинағы және басқа да құжаттарды реттеумен айналысқан. Сол кезде Әділет кейбір рәсімдерді тезірек аяқтауды сұраған. Анасы мұның алдағы тойға байланысты болуы мүмкін деп топшылайды, бірақ бұл өзінің ғана болжамы екенін атап өтті.

Сәлима Ешанқұловаға бұрынғы күйеу баласының қайта үйленетінін Ұлдананың отбасына алдын ала айтпағаны да ауыр тиген. Оның пікірінше, кемінде бір жыл күтуге болатын еді.

Ақша мәселесі де сөз болды

Ұлдананың туыстары қайғылы жағдайдан кейін шамамен 20 миллион теңге жиналғанын айтады. Оның 9,12 миллион теңгеге жуығы несие жабуға кеткен.

Марқұмның әпкесінің сөзінше, Әділет Ұлдананың анасына 4,5 миллион теңге аударған, кейін оны несие жабу үшін қайтаруды сұраған. Туыстары шамамен 3 миллион теңгеге қатысты әлі де сұрақ барын айтады.

Ал Әділеттің отбасы 20 миллион теңгенің ресми өтемақы емес, елден жиналған көмек екенін мәлімдеген. Олардың сөзінше, қаражат автонесиеге, жерлеу мен ас беру шығындарына жұмсалған. Әділет қайта үйленгеннен кейін Сәлима Ешанқұлова оның Ұлдананың қазасына қатысты қылмыстық істе жәбірленуші ретінде қатысудан бас тартқанын қалайтынын айтты.

Алайда Әділет бұған келіспеген.

"Бұл істі бастаған екенмін, аяғына дейін жеткізгім келеді", - деген еді ол.

Ұлдана қалай қаза тапты?

23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада шақыртуға барған кезде тоғыз қабатты үйдің қасбетінен құлаған кірпіш пен кондиционер бекітпесінің астында қалған.

Дәрігерлер оның өмірі үшін он күн күрескенімен, Ұлдана 18 қарашада қайтыс болды.

Ол Әділет Зейнелге қайғылы оқиғадан шамамен бір жарым ай бұрын тұрмысқа шыққан. 2026 жылдың жазында Әділеттің қайта үйленгені белгілі болды.

Ұлдананың қазасына қатысты іс сотқа жолданған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget