Марқұм Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты тың мәлімет пайда болды

Марқұм Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты тың мәлімет пайда болды
Фото: әлеуметтік желі

Марқұм композитор Арман Дүйсеновтің ұлы Абылайдың өліміне қатысты тың мәліметтер белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Марқұмның анасы Айсұлу Айданқызы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында тергеуге қатысты күмәні мен бірқатар маңызды жайтты айтты. Оның сөзінше, отбасы істің мән-жайын тереңірек анықтау үшін ситуациялық сараптама жасатқан. Сарапшылар мен адвокаттар алдында Абылайдың қолы кісендеулі күйде өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін бе деген мәселе қойылған.

Айсұлу Айданқызының айтуынша, мамандар қолда бар материалдарды зерделеп, мұндай жағдайда Абылайдың өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін емес деген тоқтамға келген.

Іс аясында психологиялық сараптама да жүргізілген. Қорытындыда Абылайдың белгілі бір кезеңде психологиялық күйзеліс жағдайында болғаны көрсетілген. Алайда марқұмның анасы бұл сараптама Абылайдың өз өмірі мен жағдайына қатысты толық мәліметке емес, негізінен негізгі куәгерлердің сөзіне сүйеніп жасалғанын айтады.

Сондай-ақ, ол Бостандық аудандық полициясының тергеу жүргізу тәсіліне сын айтты. Айсұлу Айданқызының пікірінше, іс материалдарындағы кейбір маңызды деректер жеткілікті деңгейде тексерілмей отыр.

Оның айтуынша, тергеу барысында Абылайға ірі көлемде қарызы болған адамдардың бірі ретінде Жанәли есімді азамат аталған. Әлгі адамдар қарызды қайтарып бергендерін мәлімдегенімен, анасының сөзінше, оны дәлелдейтін нақты құжат не өзге айғақ ұсынылмаған.

Айсұлу Айданқызы "ақшаны қайтардық" деген сөздің өзі жеткіліксіз деп санайды. Сондықтан Абылайға қарызы болған адамдардың әрекеті толық тексеріліп, бұл нұсқа да назардан тыс қалмауы керек екенін айтып отыр. Ол тергеу барлық ықтимал нұсқаны жан-жақты қарастыруы қажет деп есептейді.

Қазір Абылай Дүйсеновтің өліміне қатысты істің мән-жайы бойынша түпкілікті сот шешімі әлі шыққан жоқ.

Еске салайық, 2023 жылы 24 қаңтарда танымал композитор Арман Дүйсенов өмірден өтті. л 2024 жылғы 8 қазанда оның ұлы Абылай да жан тапсырғаны белгілі болды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget