“Маған тіл тигізді“. Динара Сәтжан ақтөбелік “емшінің“ үстінен арыз түсірді

Танымал журналист Динара Сәтжан ақтөбелік емші ретінде танылған адам өзін қорлағанын айтып, бұл мәселені заң аясында шешетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында мәселенің мән-жайын баяндайтын жазба жариялады.

"Ақтөбеде TikTok-та, Instagram-да ақшаға бата беретін бір "емші" тұрады екен.  Маған оның қаншалық заңды жұмыс істейтіні қызық. Осыған байланысты Ақтөбе облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сұрау жолдаймын. "Ақылы батаның" ақшасы қайда түседі? Әлде күйеуі мен ұлының шоттарына ма? Ол салық төлей ме? Адам емдеуге лицензиясы бар ма? Ақылы бата беріп, сынық салып, киелі заттар сатып, адам емдеп, бірнеше бизнес ашып, бірнеше мүлікті, көлікті туған-туысқандарына сыйға тартатындай ол батаның ақысы қандай? Батадан миллиондаған ақша табуға бола ма? Батасы заңды патенттелген бе?  Киелі заттар дегені не? Оның патенті бар ма? Желілік бизнестердің БАД-тарын халыққа ем үстінде сатуға құқығы бар ма? Бұл заңды ма? ...Ауыз өзімдікі екен деп неге елдің бәрін қорлайды? Маған да тіл тигізді", - деді ол.

Динара Сәтжанның сөзінше, бұл - жария түрде қорлау.

"Неліктен мен туралы жалған ақпарат таратып, адамдарды адастырады? Мені мемлекеттік жобалардан ақша алады деп айтыпты. Ал менің мемлекеттен бір тиын да алмағаным, ешқандай мемлекеттік тендерлерге қатыспағанымды оп-оңай дәлелдеуге болады. Барлығы ашық ақпарат көзінде тұр. Бұл мәселелермен менің адвокатым айналысып жатыр. Ақтөбе облысының полициясына арыз жаздық. Ол заң аясында барлық іс-әрекетіне, айтқан сөздеріне жауап береді. Бұл бейберекетсіздікті тоқтататын уақыт келді", - деп ашынды тележүргізуші.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!