Танымал әнші Тоқтар Серіков "ХабарLike" бағдарламасына берген сұқбатында ел арасында кең тараған "Көршінің қызы" әнінің тарихын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші хитке айналған бұл әнді бастапқыда ұнатпағанын айтты.
"Көршінің қызы" - дуэтке жатпайды, негізі менің жеке орындауымдағы ән. Бұл әннің оқиғасы қызық. "Көршінің қызын" негізі мен орындамауым керек болған. Бұл әнді Бекжан Әшірбеков "Тоқтар осы әнді орындашы" деп ең алғаш маған алып келген кезде бұл ән маған мүлдем ұнамады. Содан Ұлықпан маған "сен әннің дауысын жаз, әншілерге көрсетейік, біреу айтатын шығар" деді. Мен келістім. Содан мен студияның ішінде айтып жатқан кезде Бейбіт кіріп келді де, "ла-ла-ла" деп қосылды. Мен оны "кел, екеуміз бірге айтайықшы" деп шақырып алдым. Осылай аяқ асты болған дүние. Ертеңгісін таң атпай Ұлықпан аға қайтадан телефон соғып, "студияға, тез кел" деді. Бірдеңе болған екен деп, студияға жүгіріп келдім. "Мына әнді сен айтпасаң болмайды" деді. Тыңдасам, әнді өңдеген кезде әдемі болып шығыпты. Содан айтсам, айтайыншы деп, бірден Бекжанға хабарластық, сол күні радиоға бердік. Ертеңгісі сол ән хит болып кетті. Солайша, Бейбіт көрішінің қызы аталып кетті", - дейді Тоқтар Серіков.