«Мысықтар» - әлемдегі ең танымал мюзикл

«Мысықтар» - әлемдегі ең танымал мюзикл

Америка ақыны Томас Стернз Элиот кішкентай жиендеріне арнап өлең жазған кезде, бас кейіпкерлеріне қызықты есімдер берген еді. Ақынның «Қарт опоссум жазған мысықтар туралы танымал ғылым» топтамасындағы әзіл шығарманы оқыған ағылшын сазгері Эндрю Ллойд Уеберрге бірден мюзикл жазу туралы ой келеді. Бұл мюзикл өмірге келген соң, көрермендер оны жылы қабылдап, үлкен танымалдылыққа ие болды.

1981 жылдың 11 мамырында «Мысықтар» («Cats») мюзиклінің Жаңа Лондон театрында тұсауы кесілді. Алғашқы қойылымнан кейін бұл мюзикл кеңінен танылып, Лондонның бірқатар сахналарында үздіксіз көрсетілді. Бұл -ағылшын театрларындағы ең ұзақ қойылған пьеса. Ұлыбритания еліндегі соңғы қойылым 2002 жылдың 11 мамырында өтті. 21 жыл ішінде Ұлыбритания жерінде мюзикл 8949 рет сахналанды.


Танымал «Мысықтар» («Cats») мюзиклі әлемнің бірқатар елдеріне таралды. Америка Құрама Штаттарында мюзикл алғашқы рет 1982 жылдың 7 қазанында қойылды. Мюзикл АҚШ сахналарынан 18 жыл бойы түскен жоқ. Ол табыстылығы мен көрсетілімі жағынан атақты «Кордебалет» мюзиклін басып озды.

«Мысықтар» мюзиклінің танымалдылығы саябырсыған сәтте оны репертуардан алып тастау туралы шешім қабылданды. Алайда, 2000 жылы 25 шілдеде мюзиклдің соңғы қойылымы болады деген хабар мюзиклге деген жаңа ықыласын лебін әкелді. Сол сәтте мюзикл продюсерлері қойылым ғұмырын 10 аптаға ұзартты. Соңғы 7485-қойылым 2000 жылдың 10 қыркүйекте көрсетілді.

Америка сахнасындағы 18 жыл үздіксіз көрсетілген мюзикл 400 миллионнан АҚШ долларынан астам табыс тапты. Нью-Йорк қаласында мюзиклге арнап Winter Garden бродвей театры тұрғызылды. Мұндай театрлар Лондон, Гамбург, Токио, Антверпен, Будапешт қалаларында орналасқан.

Қазақ жерінде әйгілі «Мысықтар» мюзиклін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ  ұлттық өнер академиясының шығармашылық ұжымы қойды. 2006 жылдың 25 ақпанында мюзиклдің тұсау кесері Ақтөбе қаласында өтті.

Суреттер: multitour.ru, samogo.net 

Ғ. Ұзақ