- Негізгі бет
- Театр
- Қуыршақ театрында "Ер...
Қуыршақ театрында "Ер Төстік" ертегісі сахналанды
Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Балалар тамсана тыңдайтын, сүйіп оқитын "Ер Төстік" ертегісі алғаш рет қуыршақтар бейнесінде сахналанды. Жас бүлдіршіндер мен ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам қойылымды арнайы барып тамашаласа болады.
"Ер Төстік" ертегісі поэтикалық драма жанрында сахналаған. Осы арқылы туған жерге, ата-анаға, дос-бауырға адалдықты танытады. Бұл буыны енді бекіп келе жатқан жас өркендер үшін мол рухани азық. Тағы бір ерекшелігі – ертегі ерекше поэзия тілімен үндесе түскен. Ертегі желісі негізінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, ақын Қасымхан Бегманов арнайы пьеса жазған.
Спектакльдің режиссері – Еркебұлан Қабдыл. Суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі, композиторлары – Аршын Жолдасхан, Бақберген Байшығаш, балетмейстер – Гүлжан Дәулетқұлова.
"Ер Төстік" ертегісінің сахналануы – ежелгі батырлықты, салт-дәстүрді, досқа адалдықты, қайсарлықты, ептілікті бүлдіршіндер бойына сіңіру. Мұны соңында сөз алған пьеса авторы Қасымхан Бегманов та ерекше атап өтті.
Ертегі өте жоғары деңгейде сахналанды. Қазақтың халық қазынасын жастарға осылай таныстырып, осылай рухани азық бермесек, бәрі бір телефоннан көз алмайтын болып барады. Жас бүлдіршіндерге осындай рухани азық сыйлайтын театр ұжымына алғыс айтамын, – деді ақын.
"Ер Төстік" – халық тіліне өте бай қиял-ғажайып ертегілердің бірі. Сегіз ағасын іздеп шыққан Төстік ерлік сапарында жолында кездескен барлық кедергілерді ақыл-айласымен, достарының көмегімен жеңіп шығады. Жаңашыл идея мен ұлттық құндылықтарды ортақтастыра білген режиссер шешімі балаларды нағыз ертегілер әлемінің қонағы етеді. Халық ертегісінің негізінде сахналанған қойылым жас ұрпақты адал достыққа, отансүйгіштікке, қайырымдылық пен адамгершілікке тәрбиелейді.
Қуыршақтар бейнесінде ерекше сахналанған қойылымды жас бүлдіршіндер мен ата-аналары тапжылмай көріп шықты. Әсіресе, балаларға ұнағаны көздерінен-ақ көрініп тұрды.
Біздің ертегіміз кішкентай көрермендерге адам бойындағы мейірімділік, батылдық және әдептілік сынды қасиеттердің маңызды екенін дәріптейді. Достық пен әділеттілікке деген сенім балаларды нағыз патриот болуға көмектеседі. Бүгінде үйдегі кез-келген баламыз Бэтмен мен өрмекші адамды біледі, бірақ бізде американдық фильмдердің кейіпкерлерінен кем түспейтін және олардан асып түсетін өз кейіпкерлеріміз бар екенін ұғынуы тиіс – дейді қойылым режиссері Еркебұлан Қабдыл.
Қазақтың қуыршақ өнерін дамытуды мұрат тұтқан ұлттық өнер ұжымы – халықаралық және республикалық театр фестивалдерінде жиі топ жарып жүрген ұжым. Театр ұжымы осы жылдың маусым айында екі бірдей халықаралық театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Маусым айының 7-13 күндері аралығында Татарстан Республикасы, Қазан қаласында ұйымдастырылған "НАУРУЗ" түркі халықтарының театр фестивалінде "Мен бір жұмбақ адаммын... Абай" (реж.: А.Зайцев) спектаклімен онлайн форматта бақ сынаса, 22-30 маусым күндері аралығында Ресейдегі Халықаралық "КУКART" қуыршақ театр фестивалінде "Ромен мен Джульетта" (реж.: Д.Жұмабаева) қойылымымен офлайн форматта өнер көрсетті. Бұл ұжым үшін зор жетістік. Фестиваль ұйымдастырушылары мен сарапшыларының шешімімен "Уильям Шекспир шығармасының қазақ тіліндегі ерекше оқылымы" номинациясын иеленді.
Қуыршақ театры – елімізде жаз кезінде жұмыс жасайтын жалғыз театр. Елдегі өнер ұжымдары шілде мен қыркүйек аралығында демалысқа кетіп, маусымды жапса, Қуыршақ театры маусымды екі-үш күнге ғана жабады да, жаз бойына талмай еңбек етеді. Театр ұжымы Алматы қаласының балдырғандары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасауға шақырады.
Н. Үсенова