22 жасар театр режиссері

22 жасар театр режиссері
Фото: Ернар Алмабек

Қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театры өткен жылды жаңа қойылыммен аяқтады. «Жүрегімнің иесі» аталатын психофизикалық туынды драматург Айдана Аламан үшін де, режиссер Аридаш Оспанбаева үшін де театр шыңын бағындырудағы алғашқы қадам болды.

Алдымен қазіргі заман жастарының жан толғанысынан сыр шертетін пьесаның авторымен сұхбаттасқан жөн болар еді. Алайда, оның шетелде сапарда жүруіне байланысты, әңгімені қойылым режиссерінен бастадық.

Режиссер Аридаш Оспанбаева туралы қосымша ақпарат алғыңыз келсе, мақалаға зер салыңыз, көрермен.

Аридаш Амангелдіқызы Оспанбаева 1995 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Қазір Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр режиссері» мамандығы бойынша 5-курс студенті.

Бала кезінен концерттер ұйымдастырып, ән айтуға бейім Аридаш 4-сыныпта жүргеннен болашақ өмірін театр өнерімен байланыстыруды армандайды. Осы күнге дейін сол ойынан айныған емес.

Аридашпен болған сұхбатта әрі маман, әрі адам ретінде тәжірибесіз болудың режиссер үшін тудыратын пайдалы-зиянды тұстары, талант, ұстаз шеберханасы, еңбекқорлық, әйел болмысының бұл мамандыққа методикалық тұрғыдан беретін әсері мен режиссерлік эгоцентризм жөнінде әңгіме қозғадық. Әрине, Шекспирге соқпай өтпедік. Сондай-ақ, театр көрермендері арасында резонанс тудырып, кей адамдардың қабылдауына қиын болған құштарлық сценаларын жасау мәдениеті туралы да сөз болды.

А. Оралқызы