13 қаңтар – қазақ кәсіби театрының туған күні

13 қаңтар – қазақ кәсіби театрының туған күні
Фото: vk.com

Қазақ тұңғыш кәсіби театрының шымылдығы  1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында түрілді.

Алғашқы қойылымдары Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді болды.  Театр шаңырағын көтеруге С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов,  Қ.Бадыров,  Қ.Жандарбеков, тағы да басқа «самородок сары алтын» актерлер ат салыстыТөкпе ақын И.Байзақов, атақты әнші Ә.Қашаубаев, палуан Қ. Мұңайтпасовтар да осы қатардан табылды. Сондай-ақ театр өміріне З.Атабаева, М.Шамова, А.Абдуллина, Ш.Байзақова, О.Қашаубаева,  Ж.Шанина, Д.Оңғарбаевалар белсене араласты. Театрдың ең алғашқы режиссерлері С.Қожамқұлов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев еді.

1928 жылы театр Алматыға қоныс аударса, 1937 жылы академиялық атаққа ие болды.

1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. 

1981 жылы театр жаңа ғимаратқа көшті (Абай даңғылы, 103)

Қазақ өнерінің қарашаңырағы –М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 92 жылдық тарихында талай асулардан өтіп, талай кезеңдерді тарих қойнауына қалдырды. Бұл театрдың киелі сахнасында қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлес қосқан  сахна майталмандары еңбек етті. Бүгінде театрдың ақсақалдарына айналған Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артистері: Сәбит Оразбаев, Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышбаева, Есмұхан Обаев және т.б. сол кезеңдердегі абыздардың ізін жалғап, театр өнеріне адал қызмет етіп келеді.

Театр ұжымы 92 жылдық тарихында әлемнің алпауыт елдерінде өнер көрсетіп, алыс-жақын шетелдерде ұйымдастырылған театр фестивальдерінен жүлделі орындарға ие болып жүр.

1995 жылы театрда ұйымдастырылған «Театр көктемі» фестивалі дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келеді.

Театр репертуарынан ұлттық, әлемдік классика мен заманауи драматургия және аударма шығармалар орын алған.

Қазақстанның халық артистері еңбек ететін театр ұжымында, елімізге еңбегі сіңген өнер қайраткерлері мен жас буын өкілдері бақиға аттанған алыптардың ізін жалғап қызмет етуде.

Театрда 1968 жылы музей жұмыс жасаса, театрдың веб-сайты өнер ордасындағы жаңалықтарды көрермендерімен тұрақты түрде бөлісіп отырады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі театр парақшаларын ақпаратпен қамтамасыз ету жолға қойылған.

Қарашаңырақта басшылық, шығармашылық және техникалық құрам, актерлерді қосқанда 300-ге жуық адам қазақ мәдениетіне, театр өнеріне қызмет етіп жүр.

2016 жылдың 27-наурызында театрдың 90 жылдық мерейтойы үлкен деңгейде аталып өтті. Мерейтойға Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы құттықтау жолдап, «Ұлы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленетін бұл театрдың тарихы терең әрі тамаша дәстүрлерге бай және ұлт руханиятын дамытуда алатын орны өзгеше биік» деп атап көрсетті. Театрға берілген бұл үлкен баға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Театрдың 92 маусымшарында тұңғыш рет Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрме ұйымдастырылса, театр ұжымы бір жылдың ішінде Лондон, Токио қалаларында өнер көрсетіп, қазақ сахна өнерін шетелде сөйлетті.

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры ұлт руханиятына, ұлттық театр өнерінің өркендеуіне әрі қарай қызмет ете береді.

А. Оралқызы