- Негізгі бет
- Театр
- "Аққу көлі" -...
"Аққу көлі" - сахнадағы таңғажайып айдын (Видео)
«Аққу көлі» - Петр Ильич Чайковскийдің төрт актілі балеті. Балетке Зигфрид ханзада мен Одетта ханшайымның арасындағы сенім мен сезім туралы әдемі аңызы арқау болған.
Өзінің кәмелеттік жасқа толған туған күнін Зигфрид ханзада достарының ортасында атап өтеді. Кеште туған күн иесі келген қонақтардың арасынан өзіне қалыңдық іздейді. Алайда, келген арулардың бірде-бірі оның жүрегін жаулап ала алмайды. Осы кезде аспанда ару-аққулар ұшып өтіп, айдынға келіп қонады. Ару-аққулардың кербездігі мен сұлулығына тәнті болған ханзада олардың Қарақұстың құрбаны болғанын біліп қояды.
Қарақұстың дұғасын кері қайтару үшін ханзада Одетта ханшайым-аққуға өз сезімін білдіріп, оған сөз салады. Осы кезде арам ойлы дұшпанның сиқырынан Одетта ханшайымға қатты ұқсайтын Одиллия бейнесі шыға келеді. Одеттаны Одиллиямен шатастырған Зигфрид ханзада көпшіліктің алдында оған өз сезімін білдірген кезде Одиллия назардан жоғалып кетеді. Сиқырдың арбауына түскен ханзада қателігін мойындап, айдынға барып Одеттадан кешірім сұрайды. Сүйіктісін қайтару үшін Зигфрид ханзада Қарақұспен айқасқа түседі.
Сан жылдар бойы сахнадан түспей келе жатқан «Аққу көлі» шығармасының жазылуының бірнеше нұсқасы бар. Петр Ильич Чайковский Украинаның Черкасс облысындағы Лебедев көлінің жағасына барған кезде жазған дейді. Ол бірнеше күн айдында жүзген аққулардың тыныс-тіршілігін көріп, қатты әсер алып, шығарма жазуға кіріседі.
Кейбір деректерге сүйенер болсақ, «Аққу көлінің» түп бейнесі Чайковскийдің үйіне қарама-қарсы орналасқан Воткинский зауыт тоғаны болған.
Ал Германияда балеттің жазылуына Альп баурайындағы Фюссен қаласының маңындағы Аққу көлі ықпал етті деген әңгіме айтылады.
Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті әлемдегі ең танымал балеттердің қатарында. Мәскеудегі Үлкен театр, Санкт-Петербор қаласындағы Мариин театры, Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театр, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының репертуарындағы «Аққу көлі» өнерсүйер қауым арасында үлкен сұранысқа ие.
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған
Ғ. Ұзақ