Меруерт Өтекешова: "Театр — менің екінші үйім"

Меруерт Өтекешова: "Театр — менің екінші үйім"

Қазақтың Қыз Жібегі… Сұлулық пен іңкәрліктің, адалдық пен парасаттылықтың нышаны… Бұл сөздер  Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешоваға арнап айтылғандай. 1970 жылы «Қыз Жібек» фильмі экранға шыққан соң   Қыз Жібек пен Төлеген – пәк  махаббат пен шынайы сезімнің дәлеліне айналды.  «Қыз Жібек» жырының желісімен түсірілген көркем фильм қазақ киносының алтын қорына енді.  Ал Меруерт Өтекешованың сұлулығына тәнті болған  халық әрдайым оны «Қыз Жібек» деп таниды.  Ол 1970 жылдан бастап бүгінге дейін  көптеген рөлдерді сомдап,  көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Актриса М.Әуезов атындағы театрда М.Әуезовтің «Қарагөзінде» басты рөлді, «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлікті, Т.Ахтановтың «Жоғалған досында» Ғайниді, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Гауһарды, Ә.Әбішевтің «Кәусарында» Кәусарды, Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүниесінде» Ханшаны, А.Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» Медбикені, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» Бануды, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтестің анасын және басқа да рөлдерді шебер сомдады. Таяуда біз тілге тиек етіп отырған Қазақ киносы мен театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі,  «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешовамен әңгіме өрбітудің сәті түсті.

– Өнер жолын таңдағаныңыз кездей­соқ­тық па, әлде отбасыңыздың әсері болды ма?
– Менің әкем партия қызметкері, соғыс ардагері болатын. Өте сабырлы, еңбекқор кісі еді. Анам қазір 91 жаста. Көпбалалы отбасында өстік. Ата-анамыз жастайымыздан адал, еңбексүйгіш болуға тәрбиеледі. Ұлы Абайдың адамның адамшылдығы жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбыдан дегені де бекер айтылмаса керек. Ата-анамыздан үлгі алып, біз де жақсы адам болуға талпындық.
Ал өнерді бала күнімнен жаным сүйетін. Опера және балет театрының қойылымдарынан қалмайтынмын. Ол кездері құрбыларымның көбі ондай жерлерге бара бермейтін. Джаз музыкасын сүйіп тыңдадым. Кино мен театрды да жақсы көрдім.

– Қазақ киносының классикалық туынды­сына айналған «Қыз Жібек» фильмі­не биыл 46 жыл. Қанша жыл өтсе де, өзінің өміршеңдігін жоймаған фильм қалайша көрерменнің көзайымына айналды?
– Қазір «Қыз Жібек» фильмін білмей­тін жан жоқ шығар. Тіпті алыс-жақын шетелдерге Қазақ елін осы фильм арқылы таныстырдық. Әлі де көрсетіп келеміз. «Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махаббатты емес, сондай-ақ патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда, өміршең болды. Тіпті бастапқыдай халықтың сүйіспеншілігінен әлі де тайған жоқ десем, артық айтқандық болмас. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ойдан шығарылған емес, шынайы өмірде болғандығымен де қызықты шығар. Демек, халықтың аңыз-әпсанадан бұрын, тарихи оқиғаны бағалайтыны байқалады. Одан бөлек бұл картинаға Сұлтан Қожықов режиссерлік етіп, Ғабит Мүсірепов оның сценарийін жазса, Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әли ағаларымыздың да атсалысуның өзі – киноны классикаға айналдырды. Қанша жыл өтсе де, қай жерде жүрсек те, Құман екеумізді жұртшылық осы фильм арқылы танып, құрмет көрсетеді. Ал киноға келуім туралы айтатын болсам, 1967 жылдың соңында Сұлтан Қожықов есімді режиссердің романти­калық драманы түсіргелі жатқанын дүйім жұртшылық болып естідік. Шыны керек, бұл киноға түсуге ойда жоқта келдім десем болады. Ол кезде мектепте оқимын, актриса атанамын деген ой мүлдем болған жоқ. Іріктеудің өтіп жатқанынан хабардар болып, барсам, толған қыздар… Әрі бәрі де әдемі. Әрқайсысы өз-өзіне сенімді. «Мәссаған, мына сұлулардың арасында маған не бар?..» деп ойлап қоямын. Бір қызығы, олардың бірен-саранын есептемегенде, көпшілігі іріктеудің екінші кезеңіне де өткен жоқ. Кейін режиссерден білгенімдей, келген 400-ге жуық қыздың жүзі көрікті болғанымен, жүректерінде өнерге деген сүйіспеншілік аз екен. Оның үстіне, тапсырылған рөлді өз деңгейінде ойнап шығуға біразының қабілет-қарымы жетпеген деседі. Содан болар, шығармашылық топтағы өнер иелерінің көпшілігі менің қабылданғанымды қалап, сабақты ине сәтімен демекші, көп ұзамай Жібектің рөліне бекітілдім.
Көркемдік кеңес алғашында мені жас деп екіұдай ойда болғаны рас. Ал Сұлтан Қожықов ағамыз жас болсам да маған сенді. Бұл сенімнің астарын мен кейіннен түсіндім. «Қыз Жібек пен Төлегенді тәжірибелі актерлерден гөрі жас, көздерінде ұшқын оты жалындаған жастар ойнауы керек» деген Сұлтан ағамыздың сөзі есімде. Артылған сенімнің жүгі ауыр, әлбетте. Сондықтан кино барысында бар қарым-қабілетімізді көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөлендік.
Мен үшін қазақтың біртуар өнер иелері Фарида Шәріпова, Сәбира Майқанова, Әнуар Молдабеков, Кәукен Кенжетаев, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаевтармен бірге өнер көрсету алғашқы қадамыма үлкен серпін берді. Гүлфайруз Исмаилова апамыздың көмегін айта кеткім келеді. Өзі Жібектің анасын ойнай жүре, картинаның суретшісі болды. Осылайша өнер жолымды үлкен картинадан бастағаныма өзімді бақытты сезіндім.

– Құман аға екеуіңіз «Қыз Жібек» фильмінен бөлек қандай фильмдерге қатар түсе алдыңыздар?
– «Қыз Жібектен» кейін Құман екеуміз киноға көп түстік. Ғани Мұрат­баев туралы кинода Раушанды ойнадым. Қырғыз фильмі «Провинциальный романда» бірге түстік. Бірақ екеуміз жеке-жеке рөл алдық. Ал бізге ең қымбат рөл «Өрнек» фильмінде болды. Онда мен совхоздың директорын, Құман ағаң менің күйеуімді – «прорабты» сомдады. Балаларымыз да бірге түскен еді. Құман екеуміз театрда көптеген рөлдер ойнадық. Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінде» – ол Арша, мен Қарагөз, Ш.Айтматов­тың «Ана – Жер анасында» ол – Қасым, мен – Әлима болып шықтық сахнаға. Бұдан бөлек «Жоғалған дос» деген жақсы спектакль болған. Біз бір-бірімізге көмектескенімізге, бір сахнада рөл ойнағанымызға ризамыз. Неге десеңіз, мен оның ойнаған барлық рөлдерін жақсы білемін. Кей-кезде ол «Қалай ойнадым?» деп сұрайды. Мен оған жақсы ойнағанын айтып қолдап қоямын.

– Өнердегі ұстазыңыз жайлы айта кетсеңіз.
– Менің ұстазым – КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева. 1973 жылы Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факультетін, Хадиша апайымыздың класы бойынша бітірдім. Менен бұрын Хадиша апайымызда Құман ағаларың білім алған. Хадиша апамыз ғажап актриса, ұлағатты ұстаз, Кеңес Ода­ғы­ның Халық артисі, лауреат еді. Сондай адамнан тәрбие алғанымыз біз үшін мақтаныш.
Хадиша апайымызбен бірге белгілі театр сыншысы, жазушы Әшірбек Сығай ұстаздық етті. Ол кісімен бірге театр­да да жұмыс істедік. Театр атты киелі шаңырақтың бүгінгі келелі мәселелерін ортаға салып, пікір бөлісетінбіз.

– Өнер жолыңызды кинодан баста­дыңыз. Дегенмен, жаныңызға театр жақын ба, әлде кино ма?
– Театр – үлкен өнер. Ол–менің екінші үйім. Сондықтан маған театр жақын. Көрерменмен бетпе-бет жүздесіп, сахнада өнер көрсетудің орны бөлек. Себебі актер мен көрермен арасында шынайы байланыс орнайды. Сахнада көрерменнің ішкі жан дүниесіне үңіліп, оның толғаныс-тебіреністерін тереңірек түсінесің. Жас күнімізде бос уақытымыздың көбін театрда өткізетінбіз. Демалыс күндері дайындық болса қуанатынмын. Себебі театрдың әсері керемет.

– Соңғы жылдары қандай фильмдерге түстіңіз?
– «Махамбет», Астана жайлы «Арман қала», «Секіріс» фильмдерінде, сондай-ақ «Хабар» агенттігінің «Жаным» телесериалында ойнадым. Осы сериалдағы рөлім өзіме жақынырақ.

– Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз?
– Әйел заты үшін отбасы, ошақ қасы әрдайым алғашқы орында болуға тиіс. Сондықтан бақыт деген қызмет те емес, шен де емес, ол – отбасы. Қазақ әйелі қай заманда болмасын ошақтың берекесі мен татулығын сақтаушы, сәнін кіргізуші бола білген. Сондықтан бүгінгі қыз-келіншектерге айтарым, отбасы бақытын сақтаңыздар, шыдамды, сабырлы болыңыздар. Отбасының жарасымдылығы мен берекесі тек сіздердің қолдарыңызда дер едім. Әсіресе, жастар «үйлену оңай, үй болу қиын» екенін ұғынып, отбасы алдын­дағы жауапкершілікті түсінсе деймін.
Құман ағаларың екеуміздің отау құр­ғанымызға 45 жылдан асты. Аз уақыт емес. Оқуды да, өнерді де – бәрін қатар алып жүрдік. Бір-бірімізді түсіне білеміз. Бала­ларымызды да осылай тәрбиеледік. Сондықтан бүгінгі жастарға айтарым, шыдамдылық, төзімділік және еңбекқор­лық қажет деп санаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақбота Исләмбек

Дереккөз: "Ана тілі" газеті

Y. Almabek