Күншығыс елінің дәстүрлері – «Астана Операда»

Күншығыс елінің дәстүрлері – «Астана Операда»
Фото: Karla Nur

Әлемдік опера сахнасының жұлдызы Фабио Армилиато (Италия) елордалық театрда Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсынан басты ерлер партиясы – Пинкертон рөлін орындайды. Италиялық режиссер Лоренцо Амато (Италия) қойылымындағы спектакль тұсаукесері «Астана Опера» театрының Үлкен залында 2016 жылы 15-16 сәуірде өтеді. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев.

Фабио Армилиатоның музыкалық қабілеті, ерекше вокалдық стилі, жоғары дыбыстарды алу шеберлігі, жарқыраған әртістік дарынының арқасында беделді опера сыншылары мен әлем бойынша миллиондаған табынушылар жүрегін жаулай алды. Әнші Пинкертон партиясымен Миландық Ла Скала, Барселонадағы Лисео опера театры, Токио қаласының Жаңа ұлттық театры сияқты сахналарда үлкен жетістікке жеткен. Фабио Армилиато Нью-Йорктегі Метрополитен-опера, Арена ди Верона, Венециядағы Ла Фениче, Мадридтегі Реал театрларында және басқа да сахналарда өткен қойылымдарда басты рөлдерді орындап, ең танымал опера фестивальдерінде қонақ болған.

Бүгінде, «Мадам Баттерфляй» қойылымының тұсаукесеріне дайындық қызу жүргізіліп жатыр және атақты суретшілер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино, сонымен қатар «Астана Опера» театрының өнерлі ұжымы тыным таппай еңбек етіп келеді. Жақын арада Италиядан қолмен нәзік өрнектеліп тігілген әрі әшекейленген 30 жібек кимоно мен басқа да материалдар жеткізіледі. Бұдан басқа, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапино 8 әйелдің, 2 ердің кимоносын және 2 оби белдіктерін Қазақстан Республикасындағы Жапония Төтенше және өкілетті елшісінің жұбайы Джунко Камохара ханымның жеке жинағынан таңдап алған.

Джунко Камохара көптеген жыл бойы жапон ұлттық киімдерін жинап келеді, ол үшін болашақ ұрпақ алдында өз елінің көне дәстүрін сақтап қалу өте маңызды. Белгілі италиялық суретші таңдап алған барлық кимонолар жібектен тігілген, олардың кейбіріне 50 жылдан астам уақыт болған. Осы костюмдер Камохара ханым үшін түрлі елдерде өзі өткізген дәстүрлі жапон киімі үлгілерінің көрсетілімін еске түсіріп, көңілін жағымды естеліктерге толтырады.

Джунко Камохара Франка Скуарчапиноның шеберлігіне, оның танымының тереңдігі мен кеңдігіне ризашылық білдірді.

– Мен үшін спектакль жасалуына қосқан кішкене үлесім – зор қуаныш! Классикалық опера дәстүрлерін сақтап келе жатқан «Астана Опера» театры жоғары сый-құрметке лайық. Мен театр әкімшілігі мен спектакль қоюшыларының жапон мәдениетіне деген құрметіне өте ризамын. Спектакльдің тамаша әрі таңғажайып болатынына сенімдімін, – деді Джунко Камохара.

Джунко Камохара жапон мәдениетімен таныстыру мақсатында көптеген елдерде кимоно көрсетілімдері мен дәстүрлі жапон қуыршақтарының көрмесін ұйымдастырады, қайырымдылықпен көп айналысады. Екі жыл бұрын мұндай көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мұражайында өткен болатын және оған он күн ішінде 9000 адам қатысқан.

Г. Берік