- Негізгі бет
- Театр
- «Спартак» – «Астана...
«Спартак» – «Астана Опера» сахнасында
Қайтымсыз зұлымдық пен өшпес ерлік туралы баяндайтын «Спартак» балеті 18 қарашада «Астана Опера» театры Үлкен залының сахнасында өтеді. Басты партияларды Бақтияр Адамжан және оның ғашығы Фригияны ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева орындайды.
– Рухына қарай бұл жауынгерлік балетте асқақ сезімдер де орын алған. Менің қаһарманым, Спартактың адал махаббаты Фригия қойылымда әйел затына тән мәңгілік нәзіктікті бейнелейді. Оның терең шынайы махаббаты бостандық үшін күресуге көмектеседі. Фригия өзінің қайсарлығымен және ақылдылығымен менің жаныма жақын. Мен сахнаға шыққанда маэстро Юрий Григорович қойылымдық жұмыстар кезінде жасаған барлық ескертуін есіме аламын. Олар маған өзім сомдайтын бейнені нақты етіп шығаруға және оны тұтастай көрсетуіме көмектеседі,- дейді жетекші солист.
Қоюшы хореограф – КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Юрий Григорович әлемге үлкен психологизмімен және қасіретті шиеленісімен ерекшеленетін қойылымды паш етті. «Астана Опера» театрындағы балеттің тұсаукесері 2014 жылы 6 маусымда өткен. 1968 жылдың өзінде қойылымға арнап алғашқы үлгілерді жасаған көрнекті театр суретшісі Симон Вирсаладзенің мінсіз жұмысы әлі күнге дейін қайталанбас дүние саналады. «Спартак» – музыка өнерінің, хореография мен көркем сурет өнерінің ең үздік жиынтық үлгісі. Аталған балет заманымыздың ең көркем және ең сұранысы жоғары қойылымы болып табылады.
Оқиға желісі көрерменге зұлым Красс (Арман Оразов) басқарған император әлемінің әскери машинасы бейбіт өмірді қалай қирататынын баяндайды. Ол он мыңдаған адамды тұтқынға алады, солардың ішінде Спартак (Бақтияр Адамжан) пен Фригия (Мәдина Баспаева) да бар. Бірге болу үшін қос ғашыққа талай сыннан өтуге тура келеді. Халыққа, махаббатқа деген сенім және досының шайқас кезінде қапыда қаза табуы Спартакты ашындырып, көтеріліске итермелейді. Крассқа қарсы бой көтерген құлдар жетекшісінің кең пейілділігі айналып келіп, өзіне зиянын тигізеді. Жеңіліс тапқан Рим қолбасшысы оңайлықпен беріле қоймай, қайта оралып, күші ұрыс кезінде Спартак пен оның достарын өлтіріп кетеді. Соңғы көріністе Фригия ғашығының мәйітіне келіп, оны жоқтап жылауы, оның ерлігінің мәңгі өлмейтініне деген сенімі қойылымды одан бетер трагедиялы ете түседі.
Эгина – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина, Гладиатор – Серік Нақыспеков. Дирижерлік тізгінде – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов.
Қойылым 19:00 басталады.
Г. Берік