Семейде «Абай» трагедиясы сахналанды

Семейде  «Абай» трагедиясы сахналанды

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрында, Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған М. Әуезовтің «Абай» трагедиясы қойылды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

«Абай» спектаклінің премьерасы 18-19-сәуір күндері өтті. Екі бөлімнен тұратын қойылымды көрермен қауым екі сағаттан астам уақыт табжылмай қызықтады. Ел ақсақалдары мен зиялы қауымның елегінен өткен спектакль халық назарынан шыға білді. Қойылымға театрдың барлық шығармашылық ұжымы қатысты. Жастардан бастап, қарияларға дейін, әркім өз роліне тыңғылықты қарағаны байқалды. Ербол Жуасбек режиссерлік еткен қойылым табанды еңбектің, көп ізденістің арқасында өз нәтижесін берді. 

«Абай» трагедиясы көрермен қауымға терең ой тастап, философиялық мағынасымен ерекшеленді. Абай Құнанбайұлының толысып, кемелденген шағын, ел ағасы болған кезі бейнеленді. Ақынның әлеуметтік көзқарасы сипатталып, әділдігі мен адамдығы, жоғары пайымды парасаты көрсетілді. 

Басты ролді Халық әртісі Бекен Имаханов сомдады. Осыдан отыз бес жыл бұрын қойылған осы спектакльде актер Абай ролін ойнаған екен. Міне, сексенге келген Бекен Имаханов Абай бейнесін қайта сахналады. Абайдың жары Әйгерімді сомдаған ҚР Мәдениет қайраткері Айжан Манекина мен ҚР Мәдениет саласының үздігі Сәндібала Бекбаеваның сомдаған бейнелері ерекше көрінді. Терең образды, тағлымды дүние жасай білді. Ажарды сомдаған Әсел Нұрланова мен Айдарды ойнаған Нұрлан Хасихан алғашқы көріністерімен-ақ елді баурады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ноғайбаев Оазбайдың характерін сәтті шығарды. Бүкіл табиғатын ішке сіңіріп, жан дүниесін аша білді. Жиреншені сомдаған Едіге Ақылбеков жас та болса, өз дәрежесінде биіктен көрсете білді. Талай даулы мәселеге араласқан Жиреншенің уытты тілі мен өткір жүзін Едіге ел алдына алып шықты. Жоғарыда айтылған өнер иелеріне жеке тоқталғанымыздай, роль сомдаған әрбір жанның өз ерекшелігі мен өзіндік тұлғалық пайым-парасаты, актерлік шеберлігі айқындалды. Әлемдік классиканы жоғары дәрежеде өткізген театр ұжымының алар асуы әлі алда. 

Сурет: teatr.semstar.com

Ш. Талап