6 мыңнан астам көрермен «Астана Операда» қойылған «Дон Кихот» балетін тамашалады

6 мыңнан астам көрермен «Астана Операда» қойылған «Дон Кихот» балетін тамашалады

Аты аңызға айналған «Ла Скала» театрының «Астана Операда» сахналанған «Дон Кихот» балетін астанамыздың 6 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы тамашалады. Бұл туралы Massaget.kz порталына «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.                    

Бес күн бойы жүрген балеттің сериялы тұсаукесерін қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ гастрольге келгендерді көрейін деп арнайы жол тартқан ТМД тұрғындары да көре алды, дегенмен басты қонақ, әрине, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. 

«Ла Скала» театрының келуі «Астана Опера» театрының шығармашылық өмірі үшін де, миландық труппа үшін де шынымен тарихи оқиға болды. Итальяндық әртістер астаналық театрға келген күні-ақ қазақстандық әртістерімен жүздесті. Шетелдік труппа өздерінің қазақстандық әріптестерінің «Аққулы көл» балетінің репетициясында болып, олардың классикалық балеттегі тамаша кәсіби деңгейіне және Қазақстанда ежелгі балеттің жақсы дәстүрі сақталғанына тәнті болды. «Ла Скала» театры балеттік труппасының жетекшісі Махар Вазиев балетке жоғары баға берді, дегенмен, екі балет әртісі – Айгерім Бекетаева мен Еркін Рахматуллаевтың талантын ерекше атап өтті. Вазиев оларды Миланда 30-31 қазанда Expo-2015 шеңберінде «Ла Скала» сахнасында өтетін екі гала концертте өнер көрсетуге шақырды. Әртістер «Аққулы көл» балетінің үшінші актінен және «Ұйқыдағы ару» балетінен па-де-де орындайды.

«Астана Опера» балеттік труппасы да тарихы бай аты аңызға айналған «Ла Скала» театрының әртістеріне үлкен қызығушылық танытты. Олар итальяндық әріптестерінің арасында сахнаның ажарын ашатын жоғары бағаға лайықты әртістер аз емес екенін, сондай-ақ олар Италияның балет мектебін, бұған дейін тек естіп жүрген олардың шеберлігін өз көздерімен көрудің тамаша мүмкіндігі туғанын атап өтті.

Балетқұмар қауым «Дон Кихот» қойылған әр күнде Китридің бейнесі алуан-түрлі болғанын айтып жатты, мысалы, бірінші және екінші күндері адам айтқысыз сұлулық иесі, барлық техникалық сәттерді нақты әрі үйлесімді орындайтын жас балерина - арманшыл Никколетта Манни биледі. Оның жұбы, айтарлықтай бейнелі балет әртісі - Карло Ди Ланно. Үшінші және төртінші күндері Вирна Топпи билесе, соңғы күнде Люсимей Ди Стефано өнер көрсетті. Олар сомдаған Китри өзіндік мәнерлілігімен және   бейнені жетік меңгергендігімен ерекшеленіп тұрды.

Қос театр басшылығының бірлесіп атқарған жұмысы жемісін берді. Миландық театрдың гастролі барысында өткен келіссөздер нәтижесінде «Астана Опера» театрының «Ла Скалаға» жауапты гастрольмен бару мүмкіндігі талқыланып, әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Сөйтіп, ағымдағы жылдың күзінде «Ла Скала» театры мен «Астана Опера» Дж. Вердидің «Аида» (қоюшы режиссері Франко Дзеффирелли, Италия) операсын қоюды жоспарлап отыр.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

М. Оңғарова