Дүниеге қайта келген "Абай"

Дүниеге қайта келген "Абай"

Хабарлағанымыздай, биыл Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры 80 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Ал театрдың жауһары саналатын «Абай» операсына 70 жылдың жүзі болған. Тек қана Алматы емес, күллі қазақ жұрты қос мерекені жаңартылған "Абай" қойылымымен қарсы алды. Жаңа қойылымды дайындау үшін италиялық үздік мамандар тартылған екен.

Тарих беттерін парақтайтын болсақ, Мұхтар Әуезовтың либереттосына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бірігіп жазған операсының алғаш қойылымы 1944 жылдың 24 желтоқсанында Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік опера және балет театрында қойылған. 1958 жылы қойылым қайта жазылып, жаңартылады. «Абай» сонан бері ешбір өзгеріс көрмеген. Абай Құнанбайұлының 100 жылдығын тойлау салтанаты қарса­ңын­да қойылған туынды бірнеше онжылдық бойы театр маусымын ашып келді. 


«Абай» операсына Ажар мен Айдар арасындағы махаббат, ескішілдік пен жаңашылдықтың күресінде адамдардың бойындағы жақсылық пен зұлымдық жақтары арқау болады. Абай мен оның шәкірті Айдар даланың ескі заңдарына қарсы күреседі. Қойылым махаббат оқиғасы туралы болғанымен, Абайдың жан дүниесі, көзқарасы ашық беріледі, әлеуметтік-саяси сипаты басым.

Театрдың шығармашылық құрамы жаңартылған операда алғаш рет видеоинсталляция қолданып отыр. Қойылым басталысымен үлкен экранда түнерген түнгі аспан көрінеді. Қара бұлттың астында қара қайғылы Ажар мен Айдар мұңдарын шаға бастайды. Жұлдыздар жымыңдаған аспан астында қос ғашыққа арашашы болатынын мәлімдеген Абайдың эмоциясы мен декорация тамаша үйлесімін тапқан. Жалпы, сахнадағы әрекеттерге байланысты фон мың құбылып отырады. Халықтық кеңес кезіндегі мазасыз дала сізді беймәлім әлемге жетелейді. Сахна түсі де қазақ халқының табиғатына өте жақын. Мачератадағы Әсемдік өнер академиясында  қызмет ететін «Аббьяти» сыйлығының лауреаты Бенито Леоноридің еңбегі қолпаштауға әбден лайықты.

Қойылымның тағы бір жаңалығы - ариялардың ағылшын, орыс тілдеріндегі аудармасы арнайы монитор арқылы көрсетіліп тұрды.

Ерекше атап өтуге болатын дүние жабық шымылдық дер едік. Мамандар оюмен өрнектелген шымылдықты ескі сандыққа жабулы күйінде алматылық мұражайдан тауып алады. Декорация жөніндегі суретшінің ассистенті Элизабетта Сальватори бұл оюды өз қолымен шоколад түсті барқытқа алтын түстес жіптермен тігіп шығады. 

Жаңа қойылымға байланысты жұмыстар жарты жыл бұрын басталған. Содан бері барлығы толықтай жаңартылып, механикалық декорациялар қойылады, 160-тан астам жаңа үлгідегі киімдер тігілген. Вердидің «Аидасына», Пуччинидің «Богемасына», Россинидің «Севиль» шаштаразына жобалар жасап жүрген костюмдер жөніндегі суретші ұлттық киімдер жасауда барын салғанымен, еуропалық стильді анық байқауға болады.

Күні кеше ғана шымылдығы түрілген «Абай күзде еуропалық көрермендерге, яғни, Париж қаласында көрсетіледі деп жоспарлануда.

Опера Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігінің бастамасымен дайындалса, қаржылық қолдауды Казкоммерцбанк көрсетіп отыр. Абай атындағы театр мен Казкомерцбанк арасындағы байланыс 2008 жылы қол қойылған шарттан бері жалғасып келеді. Банктің қолдауымен бірнеше жаңа қойылымдар ұсынылып, театр актерлары түрлі халықаралық байқауларға қатысып келеді.

Қойылымның режиссері Андреа Чиньи Қазақстанға келгенге дейін «Абай» операсы туралы мүлде естімеген, ол италиялық опера үшін шақырту алдым деп ойлайды. Андреа Чиньи Ла-скалада және әлемнің басқа да үздік театрларында жұмыс істейді. Шығармашылық топқа ризашылығын білдірген маман реформашылар мен консерватизмнің күресіне бірінші рет тап болып отырғандығын айтады.

Сценографиясында замануи цифрлік және техникалық амал-тәсілдер қолданылған «Абай» операсының  жаңа нұсқасына қазақтың ұлы азаматтарының ұрпақтары танымал дирижер Алан Бөрібаев (Ахмет Жұбановтың шөбересі), химик Тұрар Жұбанов (Ахмет Жұбановтың немересі), мәдениеттанушы Мұрат Әуезов (Мұхтар Әуезовтың баласы) белсенді атсалысқан. Алан Бөрібаевтың аталған операның қоюшы-дирижеры екендігін де айта кетейік.

Қойылымда Абай театрының орындаушылары Талғат Күзембаев, Болат Жомартов (Абай партиясы), Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы (Ажар партиясы), Нұржан Бажыкенов, Мұрат Шалабаев (Айдар партиясы) өнер көрсетті.

Автор және сурет: Айгерім Сматуллаева