Медет Шотабаев Еуропа сахнасында өнер көрсетті

Медет Шотабаев Еуропа сахнасында өнер көрсетті

«Астана Опера» театрының үздік әншілерінің бірі Медет Шотабаев 12 қыркүйекте Италиядағы «Teatro Comunale di Piacenza» опера театрында Дж.Вердидің «Луиза Миллер» операсынан Рудольфтің партиясын сәтті орындап, театр маусымын ашты.

Италиялық театр басшылығы Шотабаевпен үш опера орындау жөнінде келісімге отырған болатын. «Piacenza қаласы театрының маусымын ашу мен үшін құрмет, үлкен сәттілік. Donato Renzetti секілді дирижермен, әлемдік деңгейдегі әншілермен үлкен сахнада өнер көрсету – мансабымдағы өте маңызды шара», – дейді әнші. Медет Шотабаев Италияға театр маусымы ашылуынан 10 күн бұрын келіп, сценарист-режисер Leo Nucci маэстродан сабақ алып, дайындалған.

«Сахнада қаншама рет репетиция жасасам да, өнер көрсететін күні қатты қобалжыдым. Шығатын кезді күтіп тұрғанда адам толы балкон мен партерді көріп, уайымдай бастадым, себебі залға операны білетін, ән салудың барлық жолдарымен таныс зиялы қауым жиналған еді. Бастапқыда даусым ойдағыдай шықпады. Сосын бірте-бірте даусым күшейді, арияға жетіп, екінші акт соңында емін-еркін шырқадым, мұны көрермен де сезді, өзіме де білінді», – дейді әнші.

Италиялық театрда өнер көрсету «Астана Операның» үздік әншісіне үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз. «Бұрын менің басты мақсатым ән айту еді, енді екі айлық курстан өткеннен кейін өстім, сахнада құр тұрмаймын, маған ойнау, қозғалу керек, осылай ән салған анағұрлым қызық. Маэстро Leo Nucci әннің сөзіне сүйену керек, әншілер бірінші кезекте актер болулары тиіс, опера – бұл фильм. Композиторлар «жалаң нотаны» немесе мелодияны құр жаза салмайды, олар әр сөз адамның көңіл-күйіне жауап беретін, жалпы психологиялық жай-күйге сүйеніп, шығарма жазады. Мұны сезінгенде, кейіпкердің жай-күйін бастан кешкенде бәрі өз орнына келеді. Әрине, сезімді іштен шығарған оңай емес, алайда қолыңнан келгенде, сен көрерменді ойламайсың, әр ырғақты санамайсың, дирижерға да қарамайсың, сен сахнада өмір сүресің, бұл бір сенің өмірің сияқты. Сөздің мәнін, мағынасын түсінген өте маңызды. Сол себепті операда тек өз партияңды біліп қана қоймай, сенімен бірге сахнаға шығатын өзге де кейіпкерлердің сөздерін білген маңызды, себебі нағыз диалог шығуы қажет. Сондай-ақ, әріптесіңді мимикамен, эмоциямен қолдаған абзал. Жан-тәніңмен беріліп ән салғанда дауыс та жаңа реңк береді. Мұңайғанда дауысың да сұрланып, тұнжырайды. Ал көңілді болсаң, дауыс та жарқын шығып, ойын да өзгереді», - деп жалғастырды сөзін Медет Шотабаев.  

Медеттің актерлік шеберлігінің өскенін тек әріптестері мен Маэстро ғана емес, музыкалық сыншылар да атап өтті. Нақтырақ айтсақ, италиялық «Сultura e spettacoli» газеті былай деп жазды: «Медет Шотабаев Рудольфтің рөлін ойнады. Алғашында ол үндестіктен төмен бастап еді, алайда нәтижесінде даусы жақсы шығып, партияны сенерліктей әрі бұлжытпай орындады, сонымен қатар күшті вокалдық диапазоны және баса айту мен шырқаудың дұрыстығының арқасында дауыс өте жағымды әрі таза шықты. Медет көрерменнің зор ықыласына ие болды».

Оркестр де, хор да, және ең бастысы – көрермен де Шотабаевты жақсы қарсы алды. «Репетиция кезінде оркестр (“Cherubini” оркестрі) мүшелері әрдайым келіп, демеп тұрды, бұл өте маңызды, қолғабыс қуантпай қоймайды, себебі бұл кәсіпқой адамдардың, музыканттардың жоғары бағасы. Көрермендер қойылым аяқталғаннан кейін мені күтіп тұр екен, көрсеткен өнеріме алғыстарын білдірді», – дейді әнші.

Айта кетсек, қараша айының басында Медет Шотабаев Италияға конкурсқа барады. Қаңтарда қайтадан Piacenza-да «Луиза Миллерді» орындайды. Осы тұста, әншіге еуропалық агенттіктерден дүние жүзі бойынша өнер көрсетуге келісім жасау жайында ұсыныстар түсіп жатқанын да айта кеткен жөн.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А