Ескендір Хасанғалиев қайтыс болды

Ескендір Хасанғалиев қайтыс болды

Танымал әнші, композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, "Құрмет", "Отан" орденінің, "Платиналы Тарлан" сыйлығының иегері Ескендір Хасанғалиев 81 жасында дүниеден озды. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов хабарлады.

Ескендір Хасанғалиев — танымал қазақстандық композитор-әнші, лирикалық баритон. Заманауи қазақ әндерінің негізін қалаушылардың бірі.

Бұған дейін Ескендір Хасанғалиевке коронавирус диагнозы қойылған болатын. Бірнеше күн бойы ол ауыр халде жатып, ӨЖЖ құралына қосылған болатын. Батыс Қазақстан облысының Батбақкөл ауылында дүниеге келген.

Қоңыр дауысының арқасында көп жылдар бойы халық әндерін орындап, радио мен теледидардың солисі болды. Ескендір Хасанғалиев өзінің алғашқы "Анаға сәлем" әнін 1961 жылы жазды.

Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған "Атамекен" ("Әкелер жері") патриоттық әні 1970 жылы Қазақ КСР-нің 50-жылдығына арналып жазылып, кең танымалдылыққа ие болды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өнер иесінің қайтыс болуына байланысты Хасанғалиевтер əулетінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Мәнерлі музыкасымен өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығы қазақ мəдениетінің құнды қазынасы.

Өнер майталманының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын,-деп жазылған министрдің көңіл айту хатында.

Massaget.kz сайты Хасанғалиевтер әулетіне қайғырып көңіл айтады. Қазақ өнерін биікке көтерген тұлғаның алды пейіш, арты кеніш болсын.

Н. Үсенова