40 жыл шәкірт тәрбиелеген жан еді

40 жыл шәкірт тәрбиелеген жан еді
Фото: tengrinews.kz

Massaget.kz сайтының ұжымы "Effective Media Liaison" (Tengrinews.kz, Vesti.kz және Massaget.kz) ЖШС директоры Сұңқар Қарабалинге әкесі Болат Қарабалиннің қайтыс болуына байланысты орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Болат Қарабалин 40 жыл ұстаз болған жан еді... 1934 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылында дүниеге келген. Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің ұрпағы. Ұзақбай Құлымбетов – ауыл мұғалімінен Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылаған тұлға. Кеңес кезінде республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына бірден-бір себепкер болған. Болат ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойған, ұлтжандылығы халқының қамымен ұласқан асылдың сынығы еді.

Болат Қарабалиннің балалық шағы зұлмат соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Өмір буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жас жеткіншекті аяған жоқ. Отына да салды, суына да салды. Бала Болат бұған мойыған жоқ, керісінше ширай түсті.

Мектеп бітіргеннен кейін дене шынықтыру техникумын, одан кейін дәл осы мамандық бойынша Қазақ дене шынықтыру институтын бітірді. Спортқа жасынан бейім болып, күреспен шұғылданды. Дене шынықтыруды таңдауының да бір себебі осында жатыр. Студент кезінде еркін күрестен Қазақ КСР чемпионы атанды.

Тың игеру жұмыстарына білек сыбана қатысты. Ауылдың көркеюіне, дамуына атсалысты. Ал ұстаздық қызметін 1960 жылы Талдықорған облысында бастады. 1970 жылдардың ортасына қарай Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Киров ауылына келіп ұстаздық қызметін жалғастырды. Аймақта спорттың дамуына, спорт орталықтарының салынуына мұрындық болды. Қайрат ерікті спорт ұйымын басқарды. 1984 жылдары аталған совхозда кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін де атқарды. Осы өлкеде зейнетке шықты.

Болат Қарабалиннің жары Жібек Нөсербаева да өмірін ұстаздық қызметке арнаған жан еді. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледі. Жыр алыбы Жамбылдың шәкірті суырыпсалма ақын Үмбетәлі Кәрібаевтің танылуына зор септігі тиді. Мемлекеттік мұражайын ашуды ұйымдастырушылардың бірі болды. 1993 жылы ауылға Үмбетәлі Кәрібаевтің есімі берілді. 

Болат Қарабалин мен Жібек Нөсербаева 2014 жылы "Жамбыл ауданының Құрметті Азаматы" атанды. Сол жылдың желтоқсан айында Жібек Нөсербаева мәңгілік сапарға аттанды. 50 жыл отасып, 3 баланы өсіріп жетілдірді. Бүгінде артында 7 немересі мен 2 шөбересі ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеді.

40 жыл ұстаз болып, ауыл-аймақтың дамуына, спорт саласының алға басуына себепкер болған Болат Қарабалиннің жарқын бейнесі барша ағайын-туыс, дос-жараны мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Осындай қиын уақытта қайғыларыңызға ортақтасып, отбасы мен туған-туыстарыңызға  көңіл айтамыз.

Ө. Сансызбай