Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың көшелі қаламгер болғаны белгілі. Жастар газетінің жауапты хатшылығынан Республикалық орталық партия комитетінің хатшылығына дейінгі өсу жолынан өткен ол саяси, қоғамдық һәм мемлекеттік істердің бастан асып жатқанына қарамастан қалам тербеуден әсте танған емес. Оның ұшқыр қаламынан екі роман, алты-жеті повесть, ондаған әңгімелер туды. Күнбе-күнгі өмірдің өзекті мәселелері туралы көсемсөздері мен көркем очерктері өз алдына бір төбе. Жазушының Ызғар романы мен Найзағайдай жарқылдап, Отпен жазылған өмірбаян повестері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өмірін көз алдыңа келтіріп, халық қаһармандары Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың асқақ адамгершілігі мен асқан ерлігіне қаныға түсесің. Сарбас Ақтаев Мамырдың оныншы жұлдызы қазақ халқы үшін аса маңызды күн. Бұл күн қазақтың маңдайына біткен дара жазушысы Кәкімжан Қазыбаевтың туған күні. Шығармашылық жолында тек халқының мүддесіне қызмет жасаған дарынды тұлға 60 жылдық ғұмырында таңды-таңға ұрып мақтанып айтар талай жұмыстың басын қайырды. Цензуралы заманда ақиқатты жазудан қаймықпаған қаламгердің жұбайы Орынша Қарабалина-Қазыбаева сайтымыздың тілшісіне Кәкімжан Қазыбаевтың тұтас ғұмырындағы естеліктерден сыр шертіп, тарихи тың деректермен бөлісті. 1929 жылдың 10 мамырында бүгінгі Алматы облысы, Сарқан ауданы, Бақалы ауылының қасиетті топырағында қазақтың мақтан тұтар біртуар азаматы, жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев дүниеге келді. Орта тұрмысты отбасының отағасы Қазыбай ақсақалдың шаңырағына нұр әкелген көктемнің бұл күні шындығында бір шаңыраққа ғана емес, тұтас қазаққа қуаныш еді. Дүниенің есігінен бұл әлемге енді енген нәресте Ахметжан, Райхан есімді ұл-қыздан кейінгі Қазыбай ақсақалдың үшіншісі, үкілеген үміті еді. Таңнан қара кешке дейін мал соңында жүріп бала-шағаның нәпақасын айыратын Қазекең сабырлы, байсалды, ақындық қабілеті бар кісі болған көрінеді. Ал, жұбайы Дәметкен ауылдың ауыраяқ келіншектерін өз қолымен оңай босандырып алған. Сонымен қатар, көріпкелдік қабілеті де бар қасиетті кісі болған екен. Мінекей, осындай қарапайым ғана отбасында, аядай ғана ауылда дүниеге келген бала Кәкімжанның балғын шағы аштық жылдарына, соғыс өрті әлемді шарпыған дүрбелең кезеңге дөп түскен. Қырық бірдің қырғыны басталғанда он екіге енді шыққан бозбаланы сұм тағдырдың тауқыметі, ауыл тіршілігіндегі шаруаның бейнеті мен кеудедегі асқақ рух ерте есейтті. Еркек кіндіктінің барлығы соғысқа жөнелтілген ауылда ересектерден тек Мәшен есімді азамат қалыпты. Түске дейін мектепке барып, түс ауа совхоз жұмысына тартылатын Кәкеңдер ересектер қатарлы пішен шауып, астық орған. Сол жиналған астықты Мәшенге еріп Матай станциясына арбамен жеткізіп жүрген. Бұғанасы қатаймаған өрімдей жас балалардың физикалық тұрғыдан әлсіздігіне қарамастан саналы түрде қара жұмысқа араласуы сөзсіз ұлы жеңісті жақындатты. Керемет өрттен кейін күлі көкке көтерілген қоныста тыныштық орнайтыны сияқты соғыстан кейін елде күнделікті тіршілік сәл болса да жеңілдегендей болды. Азаматтар оралды, ауыл тіршілігі бір қалыпқа келді. 1947 жылы Кәкімжан Қазыбаев Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1952 жылы аяқтады. Осылайша бабымен қатар бағы да қатар шапқан Бақалының тумасы БАҚ саласында қызмет атқаруға кірісіп кетті. 1952-1958 жылдары Лениншіл жас (қазіргі Жас алаш) газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарса, 1958 жылдан 1968 жылға дейін Алматы облыстық Жетісу газетінде редактордың орынбасары болды. 1968-1972 жылдар арасында Қаз КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде төраға орынбасары, 1977-1982 жылдары Қаз ТАГ директоры қызметін атқарды. 1982-1985 жылдар арасында Қазақстан Компартиясы ОК-тінде нұсқаушы, хатшы болса, 1985 жылдан бастап Қазақстан коммунисі (қазіргі Ақиқат) журналында басылымның бас редакторы қызметін атқарған. Кәкімжан Қазыбаевтың өз ғұмырында атқарған қызмет жолы қазақ баспасөзімен тығыз байланысты. Басшылық қызметте жүрсе де, қаламын қару қылған аса еңбекқор журналист қазақ әдебиетінің қорын өзіндік туындыларымен толтырды. Екі бірдей роман, алты-жеті повесть және ондаған әңгімелер жазған автордың шығармалары сұм соғыспен, ауыл тіршілігімен тығыз байланысты. 1972 жылы басылып шыққан жазушының Ызғар романы тыл жұмысындағы қиындықтар мен бейнеттер жайлы. Кәкімжан Қазыбайұлының ең алғашқы романы болған бұл шығарманың желісі бала күнінде өзінің басынан, көз алдынан өткен оқиғалармен толыққан. Аядай ауылдан соғысқа барлығы 110 адам аттанып, жеңістен кейін, бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ, бірақ денесінде дүрсілдеген жүрегі, көрер жарығы, кеудеде жаны бар азаматтың 30-ы ғана оралған. Осындай әсерлі де рухты, көзді жасауратып, көңілді босататын оқиғаларға толы шығарма автордың шоқтығы биік туындыларының бірі. Тыл жайын тілге тиек еткен Кәкімжан атамыздың келесі романы Сұрапыл. Бұл туынды ашаршылық тақырыбында жазылған әдебиеттегі алғашқы шығармалардың бірі. Ақтар мен қызылдар тартысынан басталатын оқиғалар репрессия жылдарына, қазақ даласының бұрыш-бұрышына дейін тінткілеп жайлаған аштық кезеңіне ұласады. Мынау ұйқы-тұйқы дүние не болып кетті? Дәмелінің есіне бәрі түсіп жатыр. Шығарма дәл осы сөйлемдермен, сол заманғы қара халықтың басындағы негізгі мәселемен басталады. Бұл туынды автордың дүниеден өтуіне бір ай қалғанда аяқталып, баспаға берілген еді. Кәкімжан атамыз дәл осы шығарманың жалғасын жазуды жоспарлаған екен. Амал нешік?!... Кәкімжан Қазыбаевтың тек шығармашылығы ғана емес, шығармашылыққа ден қойған кезеңнен басталған оның ғұмыры да Бауыржан Момышұлы сияқты қазақ мерейін үстем еткен әйгілі батырмен астасып жатыр. Осы орайда Орынша апамыздың естеліктерін келтірген орынды болар. Кәкең оқуды бітіріп, Лениншіл жаста жұмыс істеп жүрген шағында осы басылымда Бауыржан Момышұлының әйелі Бибіжамал Мұқанқызы қызмет атқарған. Мақаланы машинкаға керемет жылдамдықпен теретін ол кісі тіпті журналистердің жазғандарынан қате тауып, бірден жөндеп отырған екен. Мақаланы редакторға тексертпес бұрын тілшілер жазбаларын Жамал апайға бір тексертіп алатын болған. Баукең соғыста, Жамал апа ұлы Бақытжанмен Алматыда тек екеуі еді. Батырмен хат алысу кезінде айтқан екен, Жұмыстарыңда жас, білімді, тәрбиесі түзу жігіттердің қатары көп деп ылғи айтасың. Арақ ішпейтін, темекі шекпейтін көзіңе түскен тәрбиелі жігіт болса, соны қолыңа алмайсың ба?! Бақытжанға да аға болып ақыл айтып, үлгі болар азамат керек деп ұсыныс айтыпты. Содан Жамал апайдың таңдауы Кәкеңе түскен ғой. Басында ыңғайсыздық танытқанымен ақыры көнген екен. Осы шаңырақта Кәкең төрт жыл тұрды. Мен де келін болып дәл осы үйге түстім. Баукең соғыстан біржолата босап, отставкаға 1954 жылы шығып елге келді. Ол кісі келгеннен кейін Кәкең жеке пәтерге шықсақ деп қолқа салып еді, атамыз көнбеді. Соғыстан оралып, ел-жұртпен амандық саулық біліскеннен кейін, Бақытжанды, Жамал апайымызды ертіп Жуалыға 3 айға аттанып кетті. Баукеңнің шаңырағында біз қалдық. Кәкімжан Қазыбаев пен Бауыржан Момышұлы, ол кісінің отбасымен арадағы байланыс дәл осылай орнаған. 1958 жылы Рақымжан Қошқарбаев Баукең соғыстан келді дегенді естіп жүрсе керек, сәлем беріп, қолын алу үшін арнайы іздеп келген. Бауыржан атамыз Рақымжанды бұрын көрмеген, бірақ ол жайында естігені бар. Сүйтіп, өзін таныстырған Рахаң өзінің жайын айтқысы келмегенмен батырдың сұрауы бойынша Рейхстаг маңындағы оқиға жайын баяндапты. Бұл жағдай Баукеңді қапа қылып, осы әңгімеден кейін Кәкімжан Қазыбаевты өзіне шақырады. Бұл 1958 жылы, қаңтар айының соңғы күндері. Баукеңнің осы жолғы тапсырмасындағы әрбір сөзін Кәкімжан Қазыбаев Найзағайдай жарқылдап кітабында жазады: Мен сені неге шақырдым?-деді Білмедім, Бәуке! Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты ̶ Рахымжан. Фамилиясы қошқар ма, ісек пе, азбан ба, әйтеуір қойдың бір түрі, оны өзің анықтап алғайсың. Міне, сол жігіт...Міне, сол жігіт Рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь?! Сен ұғып тұрсың ба, өзің?-деді. Ұғып тұрмын, Бәуке! Өтірік айтасың! Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар? Соғыс біткелі он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер?! Журналистке диплом емес, сезім, жүрек, көргіш көз керек. Жоқ, сол сендерде жоқ. Знаешь, ты кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек! Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияны басқардым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен. Кім үшін?! Мына сен мен мен үшін! Бүгінгі шолжаң қағып тірі жүргендердің бақыты үшін! Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы ̶ это чудо! Жеңіс деген бақыт ̶ сол анау Рахымжан, Рахымжандар! Сен оны тап! Солдан оңға қарай: Кәкімжан Қазыбаев, Рахила Қошқарбаева, Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Рақымжан Қошқарбаев Осы уақыттан бастап Кәкең бұл жұмысқа түбегейлі білек сыбана кірісті. Рейхстагқа тігілген тұңғыш ту жайында жазылған сол мезгілдегі газет-журналдарды, мұрағаттарды ақтарумен болды. Керегін тапты да, өйткені Рақымжанның ерлігі ақиқат еді. 100-ден астам дәлел болар құжат пен сол заманғы Кеңестік журналистердің, фотооператорладардың куә екенін жазды. Жазушы Борис Горбатовтың Литературная газета басылымына 1948 жылғы 18 желтоқсанда жазған мақаласын тауып, ондағы мына бір жолдарды ерекше атап өтеді. Біздің жауынгерді қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын мезгіл жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев көз алдымда Рейхстагқа ту тікті. Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлекше поэзия, социалистік реализм керек, деп жазған екен Борис Горбатов. Бұдан бөлек, 150 дивизияның ерлігін насихаттап, жаңалық таратқан Воин родины, сонымен қатар орталық баспасөздерде осы турасында бірнеше мақала жарияланыпты. Барлығы Рақымжанның ерлігін қуанышпен, сүйіншілетіп жазған. Осы деректердің барлығын жинақтаған Кәкімжан Қазыбайұлы Мәскеуге дейін сабылған. Рақымжан ерлігін марапаттау үшін белгілі қаламгерлер жазушылар мен өнер қайраткерлерінің, Кеңес Одағының батыры атанған азаматтардың, Еңбек ерлерінің қолы қойылған анықтамалар дайындап биліктегі басшыларға жеткізуді қолға алған. Орыс тіліндегі анықтамаларды даярлауды Баукең өзі қадағалаған. Ол кісі бұған дейін әскери қызметте істегендіктен құжат мәселесіне келгенде өте сауатты еді. Парақтағы әрбір сөздің мән-мағынасына, қатесіз жазылуына қатты мән беретін. Осылайша, бұл бастама Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы Жұмабай Тәшеновке жетеді. Бұл істі жүзеге асыруға құлықты болған Ж.Тәшенов Кәкең дайындаған құжаттарды көтеріп Мәскеудегі маршал И.Коневтің алдына барады. Бірақ бұл істің арты дауға ұласып, Рақымжан мәселесі шетке ысырылып, соңында нәтижесіз жүзеге аспай қалады. 1988 жылы Рақымжан Қошқарбаев дүниеден өтті. Көзі тірісінде ол кісіге батыр атағы берілмеді. Тек 1999 жылы мамырдың 7-сінде Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Бұл іске ізгілікке толы ізін қалдырған сөз шебері, публицист-жазушы, журналист-қаламгер Кәкімжан Қазыбаев ғұмыры толыққанды қазақ елінің өрелі халық екенін, қазақтан шыққан батыр бабалар, олардың жолын қуған Рақымжандай азаматтар барын дәріптеуге арналды. Ол кісі даңқты Бауыржан Момышұлының жай ғана шәкірті, тәлімгері ғана емес туған баласындай жақын болған азаматтың асылы еді. Өмірінің бір бөлігін Рақымжан Қошқарбаев ерлігін насихаттауға арнаған Кәкімжан атамызға 1988 жылғы Рахаңның дүниеден өтуі сөзсіз әсер етті. Арада жыл өтіп, 1989 жылдың 21 қазанында, қараңғы түннің аспанында жарқ етіп жұлдыз ақты. Кәкімжан Қазыбаевтың бейіт басы Алматы қаласындағы Кеңсай төбесінде Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев бейіттерінің маңында қатар орналасқан. Бүгін қазақтың мақтанышын еске алып, бір топ жас журналистер қаламгердің рухына тағзым етіп, марқұмға құран бағыштап қайтты.