Бүгін – Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні

Бүгін – Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні
Фото: kunaev-museum.kz

Қазақтың байлығын қорып, жердегі қазынасын жендеттерге жегізбеген Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келді. 50 жыл ел басқарған қазақ перзентінің туғанына бүгінде – 107 жыл.

Төбеден төніп Мәскеу тұрса да «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» екіжақты шешім шығара білетін Димаш атамыздың арқасында елдегі экономика, мәдениет, білім, ғылым саласы ілгері басты. Өте зерек, кемеңгер саясаткер болған ол Мәскеудің әрбір қимылын бақылауда ұстап, республикаға бұйырылған тапсырмадан қазаққа пайда әкелер, кемінде кесірін тигізбейтін жолды іздейтін. Осылайша, Қазақстан Дінмұхаммед Ахметұлының басшылық еткен тұсында одақ бойынша екінші астықты алқапқа айналды. Еліміздің өндірістік ауқымы 10 есеге артып, Қазақстан беделді өнеркәсіп аймағы аталды.

Дінмұхаммед Ахметұлының қандай қарапайым адам болғанын жақсы білесіз. Білмейтін ақпараттарыңыздың қатарын азайтып, Massaget.kz порталы қазақтың ұлы перзенті жайлы бірнеше керекті дерек ұсынады.

1981 жылы дәл осы күні Қонаев 70 жылдық мерейтойын тойлады. Осы қуанышта Димекең Нұрсұлтан Назарбаевты ұлым деп атап, іс жүзінде өзінің мұрагері екенін білдірді.

Димекең палауды, қуырдақты, ет, қазыны, тарыдан жасалған жент, қамырдан жасалатын «бақалшықтарды», жұлма көжені жақсы көретін. Ал, сусындардың ішінде бірінші кезек қымызды, одан кейін сүт қатқан шайды, «Сарыағаш» минералды сусынын, қарбыз шырынын сүйіп ішетін.

«Советский Казахстан» хабарының шығарылымы алдын ала Орталық Комитеттің бақылауынан ай сайын өтетін. Бір күні Қонаевтың өзі қоңырау шалып: «Мені осы жолғы хабарда екі рет көрсетіпті, қысқартыңыздар, бір рет көрсетсе де жетеді», - деген.

1962 жылы бүгінгі Павлодардың атауын «Хрущевоград» деп өзгертеміз деген ұсыныс түсті. Дінмұхаммед Ахметұлы осы идеяны қолдайтын тұлғаларға қарсы шығып, бұл істің құп болуына жол бермеді.

Алпысыншы жылдардың басында Хрущев Қазақ Советтік Социалистік Республикасының астанасын Ақмолаға көшіруді және оның атауын Целиноград деп өзгертуді ойлады. Қонаев оған қарсы тұрып, Алматының статусын сақтап қалды.

1980 жылы Жақсылық Үшкемпіров олимпиададан алтын жүлдемен оралғанда құшағын айқара ашып бауырына басып, маңайындағы қауымға былай депті: «Құрметті азаматтар! Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ болса да, ел мен жердің атын шығарған Жақсылық сияқты жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны даусыз».

Ораз Қауғабайдың «Қонаевтың 12 қасиеті» атты зерттеу мақаласындағы деректерге сүйенсек, Димекеңнің өмірінде және қызметінде «2», «12», «22» деген сандарға байланысты тылсым, сыры жұмбақ жағдайлар өте көп. Димекең 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келді. 82 жасына қараған шағында дүние салды.

Хрущев Димекеңді бірінші басшылық қызметтен алып, қорлап, ар-намысына тигенде Қонаев: «Мені енді басшылық жұмысқа қоймаңыз. Инженер-геологпын. Геология институтына кетейін» дейді. Хрущев «Сіз бізге әлі де керек адамсыз» деп еріксіз «совминге» төраға етіп тағайындады.

Дінмұхаммед Ахметұлы қасындағы серіктерімен әңгімелескенде барлығын ауызына қаратып назарды өзіне иіріп алатын қасиеті бар еді. Өте шешен сөйлейтін және әңгімесінің арасына әзіл қыстырып тыңдаушы құлақтардың құрышын қандыратын.

Жоғарыда айтқандай, ол кісі мәдениетке, өнерге қатты көңіл бөлді. Димекеңнің басшылық еткен жылдарын «алтын ғасыр» деп атауының бірден-бірі себебі осы. Театрға жиі барып, актерлар мен шығармашылық ұжымға өзінің пікірін білдіріп, қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, сала қызметкерлерін жігерлендіріп кететін.

Сауыққұмарлықтан бойын аулақтатқан ол кісі пендешіліктен сақтанды. Байлыққа, дүниеге қызықпағанының дәлелі, ел басқарып жүріп қара басында тек 4 бөлмелі үйі болғаны, дәрежесі үшін алатын ақыны қайырымдылыққа аударып отыратындығы. Ең бастысы, кеңестік саясат ұлтты құндылықтарынан айырып, байлығынан айырмақ болған идеологиясына қарсы тұра білгені.

1993 жылдың 22 тамызы – қазақтың қабырғасы қайысқан күн. Халықтың жадында жатталып, кемеңгерлігімен қазаққа керектіні сақтап қалған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың ақтық демі қасиетті Алакөл топырағында шықты.

Қазақтың қамын жеп жүрген жанашырды қолдап, нанын жеп жүргендерді басшы дәрежесінен айырған Қонаев қазақтың сөзсіз дара көшбасшысы болды. Соңында ұрпақ қалмаса да, халыққа жасаған игі істері тарихта қалды. "Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді". Дәл осы қазақтың даналық сөзі Димаш атамызға арналғандай. Басшылық қасиетінен бөлек, ол кісінің ғалым болғанын да біліп жүргейсіз.

А. Қажиев