- Негізгі бет
- Тағзым
- «Алаш» зиялылары: Санжар...
«Алаш» зиялылары: Санжар Асфендияров және Әлімхан Ермеков
31 мамыр – саяси-қуғын сүргінге ұшыраған құрбандарды еске алу күні. Атап айтқанда Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» қозғалысының ерліктері мен олардың білімге және қоғамдағы түрлі салаға тигізген еңбектерін зерделеу. Дегенмен жыл сайын осы күнді атап өткенімізбен, білетініміз тек «Алаш» көсемі мен санаулы азаматтар ғана. Ал тегінде «Алаш» зиялыларының қатарында біз білмейтін ерліктері елге аян азаматтар бар. Олар кімдер?
Санжар Асфендияров
«Алаш» зиялыларының белді өкілі. 1930 жылы С.Асфендияров ҚазМУ және ҚазМИ істері бойынша Мәскеу қаласына екі рет іссапармен барып, олардың барысында болашақ институтта қызмет ететін ғалымдармен келіссөз жүргізумен, институт үшін қажетті құрал-жабдықтарды алдыртумен, институттың қаржы сметалары мен оқу жоспарын бекітумен айналысты.
С.Асфендияров Мәскеу қаласында Қазақстанның ЖОО үшін оқу ғимараттарын тұрғызу мәселесі бойынша түрлі ұйымдармен және мамандармен келіссөз жүргізіп, ҚазМИ және Мал дәрігерлік институттың ортақ пәндері үшін бір ғимарат тұрғызу тиімділігі туралы ұсыныстар алға тартылды. Мысалы, ҚазМИ-дің адам морфологиясы және мал дәрігерлік институттың анатомия пәндері үшін бір ғимаратты тұрғызу, сондай-ақ екі институттың физиология және патологиялық анатомия кафедраларын біріктіру қажет деп табылды.
С.Асфендияровтың талап етуімен Республика үкіметі Фурманов көшесі бойында орналасқан Қазаткомның және Денсаулық сақтау халық комиссариатының 2 ғимаратын бөліп берді.
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
ғылыми қызметкері, PhD докторант
Дерек Алмас Әбдіғаниұлының зерттеу мақаласы бойынша жазылды
Әлімхан Әбеуұлы Ермеков
Бүгінде туғанына 124 жыл толып отырған Ермековтің есімі өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін таңсық болды. Оның аты ешқандай кітапқа кірмеді, тарихшылар ол туралы үнсіздік білдірді. Тек математиктер ғана Қазақстандағы математика білімі мен ғылымы тарихын қарастырғанда Ермековтің фамилиясын оқта-текте ауызға алып, оның математика саласындағы еңбектеріне тоқталатын. Ә.Ермеков 1920 жылы Семей облысының губерниялық комитеті уәкілі болып сайланды.
Ә.Ермеков Омбы, Орынбор кейін Мәскеуде жасаған баяндамаларында ең алдымен, шекара белгілеуде зор маңызға ие болып отырған Қазақстандағы жер мәселесінің тығырыққа тіреліп тұрғанына басты назар аударады. Кеңес үкіметінің құрылуы барысында және Лениннің көзі тірісінде бұл мәселе біраз шешімін тапқан да еді.
Ә.Ермеков 1920 жылы көктемде Орынборда жасаған баяндамасында сол баяғы Ертіс, Жайық өзендері бойындағы он шақырымдық алқаптарды оны атам заманнан бері иеленіп келе жатқан қазақтарға қайтару жөнінде ұсыныс жасады. Жоғардағы қазақ жері мәселелерімен таныстырып болашақта қазақтарды жерге орналастару жайында өз түсініктерін ортаға салды.
Осыған байланысты Ә.Ермеков Қазақ өлкесінің жағдайы мен оның шекарасын белгілеу мәселелері бойынша Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісіне дайындалады. Мәжіліс 1920 жылдың 17 тамызында өтеді. Төрағасы В.И.Ленин болған ХКК-нің осы отырысында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Республикасын құру туралы жоба жасалды.
Дерек Шахкарим Асқарұлының еңбегі негізінде алынды
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті