- Негізгі бет
- Тағзым
- «Қазақ балалар әдебиетінің...
«Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы»
Бүгін, 24 қараша – балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, көрнекті қаламгер Сапарғали Бегалиннің дүниеге келген күні.
Ол 1895 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Дегелең ауылында туған. Қаламгер бұл туралы естеліктерінің бірінде былай деген екен: «Шешеміздің айтуы бойынша, салқын күздің аяғында, терістіктен ызғырықтап жел соғып, ұшқындап қар жауып тұрған суық күні дүниеге келіппін. Табиғаттың маған еншіге бергені ме, әлде жасағанның бұйрығымен болатын құбылыс па,-білмеймін, әйтеуір жылда осылай, менің туған күнімде терістіктен жел ызғырықтап, ұшқындап қар жауып тұратын әдеті. Бүгін де, міне, ауа райының күрт бұзыла қалғанын көрмейсің бе. Сірә, мені қыспаққа салғысы, сынап алғысы келетін шығар. Бірақ мен де көне қоймаспын». Расымен де, С. Бегалиннің ұдан былайғы өмірі үнемі күреске, тартысқа толы болды.
Ол-халқымыздың ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларды жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы, қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі және жинақтаушысы. Ол-сазды лирик, сыршыл ақын. С. Бегалиннің өлеңдеріндегі басты тақырып-туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген құштарлық. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Талантты аудармашы. Қаламгер Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған. Жазушы сексен сегіз жылдық ғұмырында жиырма шақты поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар жазған екен.
Десек те, ең бірінші Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген, оның негізін қалаушы алғашқы көшбасшысы. Оны "қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы" және "классигі" деп атайды.
Жалпы, Сапарғали Бегалиннің балаларға арналған шығармашылығына шолу жасай отырып оны бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші топқа аң аулауды, мергендерді суреттейтін: «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала мерген» деген әңгімелерін атасақ, екінші топтағы: «Будан», «Қозышы Нұрман», «Жылқышы» атты поэмалары мал шаруашылығында жұмыс істейтін еңбекшілерді қиын да қажырлы өмірін паш етеді. Ал табиғатты қорғау, балалардың жан-жануарларға деген қамқорлығы, қоршаған ортаға деген жақсы көзқарас қалыптастыратын «Жас бұтақ», «Қант бұршақ», «Мектеп бағында», «Хат», «Есеннің кірпісі» деген әңгімелері тағы бір топқа жинақталған. Жазушының көтерген күрделі тақырыбы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Отан қорғаудағы қаһармандық күреске арналған. Бұған автордың «Тағы кездесті», «Машинист», «Жеткіншектер», «Киіксор» атты әңгімелері енген. Жазушы Бегалиннің тағы бір үлкен тақырыбы жас жеткіншектердің кейбір ұнамсыз мінез-қылықтарын, есірткен еркелердің олпы-солпы ұрыншақ мінездерін әшкере етеді, өмірге икемсіздікті мінейді, соларды түзу жолға, жөнге салуға, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Бұған автордың «Ойламаған жүріс», «Ұрыншақ», «Жершіл шымшық», «Бес батыр», «Сымбатты Сима» әңгімелері жатады. Жазушының шығармаларынан өмірді терең таныған мол тәжірибесі көрініп отырады және бұның өзі жасөспірім жеткіншектерге үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Сонымен қатар жазушы өз әңгімелерінде мектеп жұмысын өндірістік оқу жұмысымен тығыз байланыстырып, балаларды болашаққа, дұрыс бағытқа меңзейді.
Жазушы Сапарғали Бегалиннің жарыққа шыққан шығармаларының библиографиялық тізімі:
(Шығармалар хронология бойынша топтасқан)
Шығарманың аты | Шығарған баспа | Жылы | Тиражы |
1. Көксегеннің көргендері. Әңгіме | ҚМКӘБ | 1943 | 25000 |
2.Қыран кегі (Ертегіден алынған поэма) | Қазбірмембас | 1944 | 10000 |
3.Жамбыл. Өмірбаяны туралы очерк. Авт.:С.Бегалин, Ә.Тәжібаев, М.Ритман-Фетисов | Қазбірмембас | 1946 | 15000 |
4.Төлбасылар. (Очерк. Әңгімелер жинағы) | Қазбірмембас | 1948 | 10000 |
5.Саяхатшылар.(Өлең, орта мектеп оқушыларына арналған) | КМКӘБ | 1948 | 30000 |
6.Ермектің алмасы. (Балалар үшін әңгімелер) | ҚМКӘБ | 1951 | 15000 |
7.Сатжан. Тағы басқа әңгімелер | Жаңа өмір | 1953 | 2100 |
8.Цимлян теңізі. (Өлең.Балалар үшін) | ҚМКӘБ | 1953 | 30000 |
9.Жас бұтақ. Әңгімелер жинағы | ҚМКӘБ | 1953 | 20000 |
10.Жеткіншіктер (Әңгімелер) | ҚМКӘБ | 1953 | 15000 |
11.Саяхатшылар. (Өлең. Балалар үшін) | ҚМКӘБ | 1954 | 30000 |
12.Бақыт. (Әңгімелер жинағы. Балалар үшін) | ҚМКӘБ | 1956 | 10000 |
13. Таңдамалы өлеңдері мен поэмалары. Алғы сөзі Ә.Сәрсенбаевтікі | ҚМӘКБ | 1956 | 10000 |
14.Көгалды көтергендер. Кіші жастағы балалар үшін әңгімелер | ҚМКӘБ | 1957 | 20000 |
15.Тың. (Әңгімелер) (Орта мектеп оқушыларына арналған) | ҚМКӘБ | 1957 | 20000 |
16.Әңгімелер. Алматы ҚМКӘБ,1 | ҚМКӘБ | 1958 | 150000 |
17.Ана қайраты. Ана туралы әңгімелер | ҚМКӘБ | 1960 | 10000 |
18.Жеткіншік. Таңдамалы әңгімелер. 2-ші басылуы | ҚМКӘБ | 1960 | 13000 |
19.Мектеп түлектері. Әңгімелер. | ҚМКӘБ | 1961 | 9000 |
20.Өлеңдер мен поэмалар | ҚМКӘБ | 1962 | 4200 |
21.Сырлы қайнар. (Балаларға арн. өлең-поэмалар) | ҚМКӘБ | 1963 | 9500 |
22.Бала Шоқан. Повесть (Жоғарғы кл. оқушыларына арн.) | Жазушы | 1964 | 24000 |
23.Шығармалары. Өлеңдер мен поэмалар | Жазушы | 1966 | 10000 |
24.Мұстафа қарттың әңгімесі. Әңгімелер | Жазушы | 1966 | 18000 |
25.Қыран туралы хикая | Қайнар | 1967 | 8000 |
26.Уақыт тынысы. Повестер мен әңгімелер | Жазушы | 1968 | 45000 |
27.Шоқан асулары | Жазушы | 1971 | 43000 |
28.Сәтжан. Повестер мен әңгімелер | Жазушы | 1973 | 44000 |
29.Замана белестері. Роман | Жазушы | 1975 | 60000 |
30. Қыран туралы аңыз. (Повесть және әңгімелер) | Жалын | 1976 | 49000 |
31.Сахара сандуғаштары (Естеліктер мен әңгімелер) | Қазақстан | 1976 | 15000 |
32.Есеннің кірпісі. (Әңгіме. Мектепке дейінгі балаларға арналған) | Жалын | 1977 | 25000 |
33.Екі томдық шығармалар т.1 Замана белестері. Роман | Жазушы | 1979 | 47000 |
34. Т.2. Повесть пен әңгімелер | Жазушы | 1979 | 47000 |
35. Ермектің алмасы. Әңгімелер (Мектепке дейінгі балаларға арналған: Қайта басылып шыққан) | Жалын | 1985 | 28000 |
36. Жамбыл: Өмірбаяндық хикаят. | Жалын | 1996 | 3000 |
37. Шоқан асулары. Повесть | Балауса | 1996 | 2000 |
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: writers.kz