Ән әлемінің саңлағы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды

Ән әлемінің саңлағы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды

Қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Роза Бағлановаға биыл 100 жыл толып отыр. Әнші, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы Қазалы ауданында теміржолшылар отбасында дүниеге келген.

1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Оның шығармашылық жолы Ұлы Отан соғысы жылдары басталды. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен ІІ-дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, жаралыларға жігер беріп, зұлым жауға қарса аттанатын ерлерге қуат берген. Оның орындауындағы "Кестелі орамал", "Ах, Самара, городок" әндері ел арасында ерекше танымал болды.

Роза Бағланова (оңнан солға қарай 3-ші) майдан ансамблі мүшелерінің ортасында. Солтүстік-Батыс майданы. 1942 ж. ҚР ОМА. 1745 қор., – 1-т., 357-іс., 1 п..

1947-1949 жылдары ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының солисі болды. Р.Т. Бағланова кейінгі 50 жыл ғұмырында "Қазақконцерт" шығармашылық бірлестігімен байланысын үзбеді.

Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін да­мытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем ха­лық­тарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Танымал эстрада әншісі Роза Бағланова қазақ өнерін шетелдерде таныстырып әрі насихаттай отырып, белсенді гастрольдік қыз­мет жүргізді. Атап айтсақ, Германия (1943 ж.), Польша (1944 ж.), Шығыс Пруссия (1945 ж.), Австрия және Венгрия (1949 ж.), Қытай (1950, 1954 жж.),  Вьетнам және Корея (1954 ж.), Ауғанстан (1955 ж.), Франция (1958 ж.), Румыния (1958 ж.), Моңғолия (1963ж.), Канада (1967 ж.).  

Ол Мәскеуде өткен Бүкіл­одақ­тық эс­трада әншілерінің екінші конкурсының дип­ломанты, Бухаресте өткен Жастар мен студ­ент­тердің II бүкіл дүниежүзілік фестива­лінің лау­реа­ты болды. Осы фестивальде халық әндерін орындағаны үшін арнайы сыйлық иеленді. Роза Бағланова еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Халық қаһарманы атағына ие болды, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен марапатталды, тәуелсіз "Тарлан" сый­лығын иеленді.

Әншілік өнермен қатар саяси қоғамдық жұмыстарды ұштастырған. Роза Бағланова 1950 жылдары Алматы қалалық Кеңесінің тұрақты депутаты болған. Роза Тәжібайқызы қалалық Кеңес жұмысына белсене араласып, жұмысшылардың өзекті мәселелерін шешуге көмектескен.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві 1967 жылдан бері Роза Тәжібайқызының жеке тектік қорын сақтап келеді. Ғылыми-техникалық  өңдеу нәтижесінде мемлекеттік тіркеу нөмірі беріліп, 406 сақтау бірлігі қалыптастырылған. Жеке тектік құжаттары 1941-2011 жылдар аралағын қамтиды. Құжаттарының құрамы қолжазбалары,  мақалалары, сұхбаттары,  хаттары, фотолары, грамоталары, өмірбаяндық және қызметтік құжатардан тұрады. Құжаттары тізімдемеде хронологиялық тәртіппен топтастырылған. Құжаттарының физикалық жағдайы қанағаттанарлық.

Аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың құнды мұрасын тарих беттерінен жоғалтпай, көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа насихаттау баршамыздың міндетіміз.

Қазақстан Республикасы
Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері
Максымканова А.Х.                                                                               

Н. Үсенова