Қамшыбек Қоңқабаев: "Токиода қымыз ішпесек те қазы жедік"

Қамшыбек Қоңқабаев: "Токиода қымыз ішпесек те қазы жедік"
Фото: Massaget.kz

Бүгін – халықаралық бокс күні. Бұл мереке әлемнің 205 елінде аталып өтіледі. Осы атаулы күнге орай Массагет порталы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевпен бокс туралы әңгіме өрбітті.

– Қамшыбек, боксқа неше жасыңда келдің, қалай келдің?

– Біз отбасымызбен спортқа жақынбыз. Мен боксқа кеш, 16 жасымда келдім. Ортаншы ағамды әкем спортқа жетелеп алып барған. Ал менің баруыма сол ортаншы ағам, Асқар себеп болды. Ол әскерге кетіп бара жатып бокстағы мені алғашқы және қазіргі бапкерім Төкенов Сейітжан Мейрамбекұлына тапсырып кетті. Ортаншы ағам кейін де спортты жалғастырып, ережесіз жекпе-жектен спорт шеберлігіне үміткер атанды. Ол бокстан бөлек, самбо, әскери самбомен айналысады. Мен алғаш рет Қазалыда ауыр салмақта турнир өткен кезде бірден жартылай финалға шығып жұдырықтасқанмын.

– Бокстан әлем чемпионатының екі дүркін, Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегерісің. Алтын алуға не жетпей жүр?

– Негізі мен әскерилер арасында әлем чемпионымын. Алтын маған бұйырмай келеді. Оған еш өкінбеймін. Әлі уақыт бар. Мансабымды аяқтаған жоқпын. Үлкен жеңістер алда. Кәсіпқой бокста, Геннадий Головкин ағаларымыз сияқты, ауыр салмақта абсолютті чемпион болғым келеді.

– Қазақстанда бокстан аса ауыр салмақта әлем және Олимпиада чемпиондары жоқ. Алдағы уақытта Парижде өтетін Олимпиадаға қатысу жоспарда бар ма?

Әзірге нақты ештеңе деп айта алмаймын. Алда кәсіпқой боксқа ауыссам деген ойда жүрмін. Екі жақта да жүруге болады. Алда Сербияда өтетін әлем чемпионатына қатысу да ойда бар. Бәрін уақыт шешеді. 

– Қазақ боксының стилі ескірді деп ойламайсың ба? Қазір төрешілер төбелесіп жүріп жұдырықтасқандарды жоғары бағалайтындай көрінеді...

– Стилді өзгертудің қажеті жоқ. Бірақ кәсіпқой бокста қорғанысты жетілдіру керек деп ойлаймын.

– Дәл қазір әуесқой бокста саған не ұнамайды?

– Бәрі, дұрыс, бәрі ұнайды. Жалпы, жаттығуында да, жекпе-жегінде де кәсіпқой бокс пен әуесқой бокста үлкен айырмашылық бар. Екі жақта да болғасын салыстырасың. Бірақ әуесқой бокста дәл мыналар ұнамайды дейтіндей ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ.

– Токио Олимпиадасына ойыссақ. Жапон жерінде қымыз ішіп, қазы жей алдыңыздар ма? Оған мүмкіндік болды ма?

Біздің боксшылар жеңіп, біздің бокс мектебін мақтаған кезде: "қымыз бен қазының күші" деген сөздер айтылып қалып жатады. Токиода қымыз ішпесек те қазы жедік. Қазы кеткенше үзілген жоқ. Қымызды алып баруға мүмкіндік болмады. Себебі  қымыз соншама биікте ұшатын ұшақ қысымына шыдай алмай атылып кетеді екен. Ал елге қайтам дегенше қазы мол болды.

– Токио Олимпиадасындағы соңғы жекпе-жектің бірінші раундында белсенді болдыңыз. Бірақ төрешілер бірінші раундтың жеңісін Ричард Тореске берді. Кейін тактиканы өзгерттіңіз. Үшінші раундта біраз шаршап қалғандай көріндіңіз. Тактиканы өзгертуге не себеп болды? Жеңілістің басты себебі осы емес пе?

– "Бақ шаба ма, бақ шаба ма?" дейді ғой. Сондықтан біреуге кінә артқым келмейді. Төреші қолды көтерді жеңдің, жеңілдің болды. Бірақ бірінші раундта мен жеңіп жатырмын деп ойладым. Төрешілер бірінші раундтың қорытындысын қарсыластың пайдасына шешіп берді. Содан кейін бір өзгеріс орнатпасаң, кейін ішіңде "неге сол кезде бірнәрсе істемедім" деген өкініш қалады. Сондықтан мен екінші раундта бірінші нөмірмен жұмыс істеуді шештім. Қарсыласқа біраз соққы беріп те үлгердім. Ол есеңгірегендей болды. Бірақ төреші есеп ашқан жоқ. Содан кейін, керісінше маған ескерту берді. Соның бәрі жеңіске деген жігерді басып, психологияға әсер етеді екен. Сонда да соңына дейін күресуге бел буып, үшінші раундта әуелдегі жоспарымыз бойынша жұмыс істей бастадым. Өкінішке қарай, ауыр салмақта бір соққы ғой, мұрнымдағы жарақатқа байланысты жарысты тоқтатуға мәжбүр болдық.

– Бақтияр Артаев, бокстағы биылғы сәтсіздіктің бір ұшы спортшылардың тамағына байланысты деді. Қымыз бен қазыны ауыстыру керек, боксшының ағзасы күшті тамақпен күресемін деп жаттығудан сарқылған күшін қайта жинай алмай қалады" дегендей пікір айтты. Осы пікірмен келісесің бе?

– Қымыз бен қазы жаттығуда беріледі. Енді, сол екеуінің қатты бір кері әсері бар деп ойламаймын. Керісінше, жылқы еті жеңіл, тез қорытылады. Кешке қарай майлы тамақ жегенде асқазанға ауырлық болуы мүмкін. Ал, қымыз бен жылқы етінен ондай ауырлықты өз басым сезінген емеспін. Дәрумендер былай да беріледі.

– Токиода кім сені таңғалдырды, боксшылардан?

– 75 келі салмақтағы бразилиялық Эберт Консейсан деген боксшы болды. Ол мені ғана емес бүкіл әлемді таңғалдырды. Эберт осы салмақтағы фаворит украиналық Александр Хижнякты нокаутпен жеңді. Бағы мен бабы қатар шауып тұр екен.

– Осы уақытқа дейін кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткіздің. Алдағы уақытта біржола кәсіпқой боксқа ауысу ойда бар ма?

– Иә, әрине ойда бар. Жаңа айтып өткенімдей екеуінің арасында айырмашылық көп. Кәсіпқой бокс тәжірибені, тактиканы, сабырлылықты көбірек қажет етеді. Әуесқойда 3 раундқа шыдайсың. Кәсіпқойда 12 раунд бойы жұдырықтасу үшін үлкен физикалық дайындық керек.

– Әңгімеңе рахмет!

Т. Раушанұлы