Ғасырдың жұмбақ қастандығы. Джон Кеннеди өліміне қатысты 10 болжам

Ғасырдың жұмбақ қастандығы. Джон Кеннеди өліміне қатысты 10 болжам

Осыдан тура 57 жыл бұрын, 1963 жылы 22 қарашада Техас штатының Даллас қаласына сапары кезінде АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Фицджеральд Кеннедиге қастандық жасалып, оқ атты. Қастандыққа көшенің екі жағында президентті қарсы алып тұрған жүздеген адам мен ондаған журналист куә болды. Осылайша, бұл оқиға бүкіл әлемде үлкен шу тудырды. Назарыңызға қастандыққа қатысты 10 болжамды ұсынамыз.

Қастандық қалай болды?

Ли Харви Освальд сол күні қалалық полицияға шақыру негізінде басты күдікті ретінде қамауға алынды. Сонымен қатар ол "жолда тоқтатқан полиция қызметкерін өлтірді" деген күдікке де ілінді. Бірақ Освальд өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Үш күннен кейін, 24 қарашада, Освальдты полиция мен журналистердің алдында қалалық түрмеден уездік түрмеге ауыстыру кезінде Далластағы түнгі клубтың иесі Джек Руби атып өлтірді. Бір қызығы, бұл оқиға тікелей эфир кезінде болды.

Джек Рубидің Ли Харви Освальдты атып өлтірген сәті ©rbc.ru

Содан кейін вице-президент Линдон Джонсон президент Кеннедидің өлімінің себептерін анықтау үшін АҚШ Жоғарғы сотының төрағасы Эрл Уоррен басқаратын арнайы комиссия құрады. Комиссия бұл істі 10 ай тергеп "Президентті Ли Харви Освальд атып өлтірді" деген қорытындыға келеді. Джек Руби болса, президенттің өлімі үшін кек алғанын және Жаклин Кеннедидің қайғысын жеңілдету үшін Освальдты өлтіргенін айтады. Бірақ көп өтпей Кеннедидің өліміне байланысты қастандық теориялары және тіпті Освальдтың кісі өлтіруге қатысы жоқ деген қарама-қайшы болжамдар көбейеді. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, америкалықтардың кем дегенде 60 пайызы Кеннедидің өліміне басты кінәлілер табылған жоқ деп санайды.

Америкалық журналистер, прокурорлар мен құқық қорғаушылар бірнеше жылдан бері Кеннедидің өліміне байланысты тәуелсіз сауалдар жүргізіп келеді. Бұл тақырыпта 600-ден астам кітап пен деректі фильм жарық көрді.

Кейбіреулер президент Кеннедиді өлтірудің артында Кеңес Одағы тұрды деген болжам айтады.

©worldrussia.com

Бірінші болжам:  Кеңес Одағы

Сол кездегі бір-біріне қарсылас болған екі алып держава АҚШ пен Кеңес Одағы еді.  АҚШ президентін өлтіру КГБ-ның (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) әрекеті деген хабар Батыс баспасөзінде жиі айтылды. Бұған Харви Освальдтың біраз уақыт Кеңес Одағында болғаны және сол жерде КСРО азаматшасына үйленгені де әсер етті. Тұтқындалғаннан кейін жауап алған кезде, Освальд оған Кеңес Одағында болғандықтан айып тағылып отырғанын айтты.

Тарихшылар бұл қастандыққа Кеңес Одағы мүлдем мүдделі емес екенін жазды. Себебі Кеңес Одағының АҚШ президентін өлтіруі бүкіл әлемді өзіне қарсы қояр еді.

Кеннеди өлімінен кейін Линдонның президент қызметіне тағайындалу сәті  ©flipboard.com

Екінші болжам: Вице-президент Линдон Джонсон

Әртүрлі сауалнамаларға сәйкес, америкалықтардың шамамен 20 пайызы вице-президент Линдон Джонсонды Кеннеди өлімінің артында тұрған адам деп санайды. Джонсонды айыптаушылар мұның басты себебі вице-президенттің Кеннедиді мүлдем ұнатпауында және 1964 жылғы сайлауда Кеннеди жеңіске жетсе, оны вице-президенттікке қоюды қаламауында деп атап көрсетті. Дереккөздер Джонсонның Ли Харви Освальдтың өлтірушісі Джек Рубимен таныстығына да назар аударған.

Үшінші болжам: Орталық барлау басқармасы (CIA)

Освальдтың Орталық барлау басқармасымен (ОББ) жұмыс істеді немесе оның артында ОББ тұрды деген ойларды Уоррен комиссиясы және Джон Кеннеди мен Мартин Лютер Кингтің өлімін тергеу мақсатында құрылған АҚШ Палата комитеті растамаса да, баспасөзде Кеннедиге ұйымдастырылған қастандық артында ОББ өкілдері болғанын жазған. Кейбір ақпарат көздеріне қарағанда, Кеннеди алдағы сайлауда жеңіске жеткеннен кейін ОББ қызметіне арнайы тергеу жүргізбекші еді. Сондықтан әрқашан көлеңкеде жүргенді ұнататын ОББ басшылығы тергеу барысында ішінара заңсыз ақпараттың жариялануына жол бермеу үшін "президентке қарсы қастандық ұйымдастырды" деген болжам бар.

Джон Эдгар Гувер ©telegraph.co.uk

Төртінші болжам: Федералды тергеу бюросының (FBI) директоры Джон Эдгар Гувер

Тағы бір кең таралған болжам – қастандықтың артында Федералды тергеу бюросының (ФТБ) директоры Джон Эдгар Гувер тұруы мүмкін. 1924 жылы бұрынғы ФТБ директоры Гувер тергеу бюросының директоры болды. 1935 жылы ол ұйымды Федералды тергеу бюросы ретінде қайта құруда шешуші рөл атқарды және оны 1972 жылы қайтыс болғанға дейін басқарды. Жарты ғасыр бойы  сегіз президент ауысса да ол қызметінен түспеді.

Аллен Даллес 1962 жылы ОББ басшылығынан босатылғаннан кейін, кезек Гуверге келгеніне көпшілік күмәнданбады. Осы тұрғыдан кейбір журналис пен тарихшы Гуверді қастандықтың негізгі субъекті ретінде қарастырады.

Кейіннен америкалық баспасөз қызметі Гувердің бірнеше рет ФБР юрисдикциясын бұзды, тіпті өзінің қызметкерлері арқылы саяси көшбасшылар туралы маңызды ақпарат жинады және осы ақпаратты президенттерге қысым жасау үшін пайдаланды деген мақалалар жариялады. Тіпті 1969-1974 жылдардағы Америка Құрама Штаттарының президенті Ричард Никсон 1971 жылы Гуверді қызметінен босатуға болмайтын себептердің бірі ретінде ФТБ директоры оған қысым жасауы мүмкін екенін айтқан.

Бесінші болжам: Әскери-өндіріс кешені

1961 жылы 17 қаңтарда қызметтен кетер алдында өзінің қоштасу сөзінде АҚШ президенті генерал Дуайт Эйзенхауэр әскери-өндіріс кешенінің күшейіп келе жатқандығы туралы ескертіп, олардың үкімет істеріне заңсыз ықпал етуінен сақтандырған.

Әскери-өнеркәсіп кешені – бұл елдің қарулы күштері мен оны қамтамасыз ететін қорғаныс өнеркәсібі арасындағы (жеке корпорацияларды қоса алғанда) мемлекеттік емес саясатқа әсер ететін бейресми одақ. Бұл одақ АҚШ-тың Вьетнаммен соғысы кезінде маңызды роль атқарған.

Вьетнамдағы әскери-саяси жанжал 1960 жылдардың басында өрши түсті. Көпшілік Джон Кеннеди АҚШ әскерлерінің Вьетнамға тікелей кіруіне қарсы болып, сол елге жіберілген әскери кеңесшілерді кері шақырып алуды ойлағанын айтады. Бұл шешім әскери-өнеркәсіп кешенін қару-жарақ сатып, оңай олжа тауып отырған ісінен айыратын еді.

Фидель Кастро

Алтыншы болжам: Кубалықтар

Кеннедидің кезінде Кубада Фидель Кастроның режимін құлатуға бірнеше рет әрекет жасалды, бұл "Кариб дағдарысына" душар етті (Кубада Кеңес Одағы ядролық зымырандарды орналастыруға байланысты АҚШ-КСРО жанжалы). Кастро режимі кезінде Куба-АҚШ қарым-қатынасы онша болмады. Сондықтан Куба үкіметі, атап айтқанда Фидель Кастро, америкалық баспасөзде Кеннеди өліміне қатысы бар деп айыпталды.

1960 жылы Фидель Кастроны жоюға бағытталған ОББ-ның бірнеше рет жасырын әрекеттері туралы ақпарат баспасөзге тарады. Кейбіреулер Кеннедидің өлімін Куба көсемінің "кек алуы" деп санайды.

Кубалықтардың Кеннедидің өліміне қатысты тағы бір болжам бар. Президентті Кастроға жау болған және АҚШ-қа көшіп келген кубалықтар өлтірген болуы мүмкін. Президент Кеннедидің Кастро режимін іс жүзінде мойындауы АҚШ-тағы Кубалық иммигранттардың көңілін қалдырған. Бұл теорияның жақтаушылары Кеннеди қайтыс болса, болашақ президент Куба мәселесіне тағы да байыпты қарайды және нәтижесінде Кастро режимі тез құлатылады деп сенген дейді.

Бір қызығы, Кеннедидің өліміне басты күдікті Ли Харви Освальд та Америкада Кастро режимінің жақтаушысы болған деген мәліметтер бар.

Жетінші болжам: Федералды резерв жүйесі

Белгілі америкалық журналист және саяси қастандықтар туралы бірнеше кітаптардың авторы Джим Маррс 1989 жылы шыққан "Crossfire: Кеннедиді өлтірген сюжет" кітабында президент Федералды резерв жүйесінің билігін шектеп отырғанын жазды.

Маррстың айтуынша, Кеннеди қол қойған 11110-бұйрықта Федералды резерв қызметі арнайы өкілеттіктерін қаржы департаментіне (АҚШ қаржы министрлігі) өткізу қарастырылған екен.

Сегізінші болжам: Техас мұнай магнаттары

Кеннеди қастандығының артында Техастың мұнай саласының кәсіпкерлері тұр деген болжам да баспасөзде жиі көтерілді.

1926 жылдан бастап америкалық мұнай компаниялары орасан зор салық жеңілдіктеріне ие бола бастады. Бұл жеңілдіктер Техас мұнай магнаттарына жылына орта есеппен 300 миллион доллар пайда алып келді (қазіргі нарықпен есептегенде шамамен 1,5 миллиард доллар).

Кеннеди президент болып сайланғаннан кейін оның негізгі мақсаттарының бірі салық жеңілдіктерін жою және алынған қаражат есебінен орта таптың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру еді.

1963 жылы Кеннеди мұнай компаниялары үшін негізгі салық жеңілдіктерін жоюды ұсынды, бұл ірі мұнай бизнесіне үлкен соққы болды. Себебі, мұндай жағдайда миллиардтаған доллар шығынға бататын еді. Бірақ Кеннеди өлтірілгеннен кейін президент болған Линдон Джонсон да, одан кейінгі президент Ричард Никсон де Кеннедидің бұл ұсынысын қарастырудан бас тартқан.

Тоғызыншы болжам: Ұйымдасқан қылмыстық топтар (мафия)

Кеннеди өліміне мафияның қатысы бар деген болжам да жоқ емес. Бұл болжамды жақтайтындар Кеннеди президент болған кезде бас прокурор болған ағасы Роберт Кеннедидің ұйымдасқан қылмысқа қарсы ауқымды іс-әрекеті Американың мафия жүйелеріне үлкен зиян келтірді деп санайды. Кейбір журналистердің пікірінше, мафия президент Кеннедиді өлтіру арқылы оның ағасы Робертті бас прокурор қызметінен алып тастағысы келген.

Карлос Марчелло тұтқындалған сәт

Нақты айтқанда, қастандыққа сол кездегі қылмыс әлемінің серкесі Карлос Марчеллоның тікелей қатысы болған көрінеді. Бас прокурор Роберт Кеннедидің күшімен 1963 жылдың қарашасында Марчеллоға қарсы сот процесі болады. Бірақ президент Кеннеди өлтірілгеннен кейін Марчелло ақталып, босатылады. Карлос Марчеллоның жақын досы саналатын Далластағы ірі мафия жетекшісі Джозеф Камписпен тығыз қарым-қатынасы бірнеше зерттеушілердің арасында үлкен күдік тудырды. Себебі Камписпен Освальдты өлтірген Джек Рубидің байланысы болған. Бір қызығы, Руби түрмеде қайтыс болғанға дейін, Кампис оған үнемі келіп, кейде оған күніне бірнеше рет қоңырау шалып тұрған.

Оныншы болжам: миллиардер Аристотель Онассис

Аристотель Онассис (көбінесе Ари деп аталады), кит аулау, авиация, қонақ үй бизнесі, алтын өндіру және инвестициямен айналысқан айлакер миллиардер еді. Ол жоғары саяси ортаға жақын болуға ұмтылған.

Миллиардердің өмірбаянын жазған Фрэнк Брэди Аристотель Онассис АҚШ-тың бірінші ханымына ғашық болғанын жазған. Сондықтан ол АҚШ бірінші ханымын өзінің әйгілі яхтасына бірнеше рет қонаққа шақырған екен.

Жаклин Кеннеди Аристотель Онассиске 1968 жылы тұрмысқа шыққан сәт

Жаклин Кеннедидің миллиардер яхтасында демалғаны туралы түрлі қауесет баспасөзге тарап кеткен кезде Джон Кеннеди қатты ашуланып, әйелін "халықаралық қарақшы" Онассис яхтасынан кетіп, тез арада Вашингтонға оралу керек екенін айтқан.

Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Жаклин Кеннеди екі баласымен Манхэттендегі Бесінші авенюдегі үйінде тұра бастады. Аристотель Онассис оған жиі барып тұрған. 1968 жылы Жаклин ханым Кеннеди әулетіне Онасиске тұрмысқа шығуға шешім қабылдағанын айтады. Бұл шешімге Джон Кеннедидің ағасы Роберт Кеннеди қатты наразы болады. Бірақ 1968 жылы 5 маусымда Лос-Анджелесте Роберт Кеннедиді палестиналық Серхан Бишара атып өлтірді. Оның өлімінен бес айдан астам уақыт өткеннен кейін Жаклин мен Аридің үйлену тойы 20 қазанда Ион теңізінде орналасқан миллиардерге тиесілі "Скорпион" аралында өтеді.

Үйлену тойы туралы жаңалықтардан кейін америкалық баспасөз Аристотель Онассис президент Кеннеди, сондай-ақ оның ағасы Роберт Кеннедидің өліміне себеп болған адамдардың бірі туралы сенсациялық мақалалар, тіпті кітаптар жаза бастады.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар