Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы

Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы
Фото: www.abai.kz

Қазақтың тұңғыш скрипкашысы – Әлім Алмат. ХІХ ғасырдың басында ел ісіне араласып, алған атақ, бақ-дәулетін қазақ халқының рухын көтеру мен мәдениетін дамыту үшін жұмсаған, ар-намысын биік ұстаған, алғашқы қазақ дипломатиясының кілті болған Алмат Тобабергеновтың шөбересі.

Орта Азияға жасаған орыс экспедиясына көмектескен, жол басшы елшілік қызметін атқарған Алмат Тобабергеннің ұрпақтары да қазақ тарихында қалған белді тұлғалар. Шөбересі Файзулла Абсалямов ұлттық киноматографияның дамуына үлес қосса, Әлім Алмат – қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы.

Әлім Алмат 1918 жылы Ырғызда туып, мектеп бітірген. Азан шақырып қойған есімі – Ғалымжан Абсалямов. Жасынан домбыра тартуға құмар болған. Алматыдағы консерваторияны оқыған. 1936 жылы Мақанұлы Әбдіабылмен бірге Мәскеуде өткен онкүндікке қатысып, скрипкада өнер көрсеткен.

1939 жылы соғысқа шақырылып, Белоруссияның Брест әскери округінде соғысады. Ұрыс кезінде жау қолына тұтқынға түскен. Оның тірі қалуына да өнер себеп болған деседі. Тұтқындар арасында тамаша скрипкашы барын естіген немістер Әлім Алматты тыңдап, өнеріне тамсанып, кейін Берлин консерваториясына оқуға жібереді. Бірақ сол кезеңдегі саясаттан сескеніп, елге оралмайды.

Францияда жүріп Мұстафа Шоқаймен танысады. Еуропа елдерін аралап жүріп, Париж, Вена консерваторияларын тәмамдайды. Еуропа мен Америка елдерінде гастрольдік сапарда көп болған. 1950 жылдары Шоқайдың ақылымен Түркияға көшіп кетеді. Ыстамбұл қаласында тұрған. Ноғай қызы Әділге үйленіп, бір ұл мен бір қыз сүйген. Ұлы Төре – Түркияда фабрика директоры. Қазақстанмен кәсіптік байланыс орнатқан.

Қыл аспап шебері 2018 жылы ақпанда 101 жасына қараған шағында дүниеден озды.

Ғалым 1974 жылдан бастап Қазақстандағы туыстарын іздеп тауып, Ырғыздағы ағайындарымен кезігеді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп, оған Әлім Алмат та қатысқан.

Өнері Қазақстанға белгілі болмаса да, шетелге танымал болған Әлім Алматтың Түркиядағы шаңырағы Ырғыз қазақтарының құтты шаңырағы саналады.

Қ. Слямбек