- Негізгі бет
- Тұлға
- Сәулелерді еркелеткен суретші...
Сәулелерді еркелеткен суретші
Кейде өнерге атүсті қарайтынмыз бар. «Өмірін өнер деп білген» деген тіркестің қаншалықты саяз, қаншалықты жаттанды болып қалғанын ұғудың өзі бір қасірет. Өнерге өмірін құрбан қылған жандар жадымызда болса екен. Әсіресе адамзатқа ерекше сүйіспеншіліктен туатын дүниелерді атап өтпеуге болмас. Осы себепті де алдарыңызға Лоран Парселиердің онлайн-көрмесін ұсынамыз.
Лоран Парселиер – суретші-импрессионист. 1962 жылы Шмалиерис қаласында 19 қарашада туылған. Қолданбалы өнерді 1978-80 жылдар аралығында меңгерген Лоран "Triolo" журналында тұңғыш жұмысын бастап кетеді. Бұдан кейін жеке сурет альбомын шығарады – "Le drole de monde " («Біртүрлі әлем»). Суретшілердің арасында болған жергілікті бір жарыста жеңген оның әрмен қарайғы өнері халықтың қадағалауында болады. Ал 1992 жылы, осыдан 20 жыл бұрын Salon des Beaux Arts de Perigueux атты көрме оның бағын ашты деп батыл түрде айтуға болады.
Ал 1996 жылдан бері Лоран өзін кескіндеу өнеріне арнайды. Оның туындылары Франция, АҚШ секілді елдерде шоу-көрме ретінде өткен. Импрессионист-шеберлерінің асқан дәлдігімен суретті тірілте алатындығын өнертанушылар да дер кезінде байқап, мойындап үлгерген. Жарықты шағылыстыруда Лоранның тек өзіне ғана тән мәнері бар.
Ол әлемнің жұмақ мекені деп Францияның оңтүстік бөлігін айтқан екен. Тіпті шабыт сыйлайтын жер де осы аймақ болса керек.
Сіз сенбессіз, бірақ оның қайсыбір картинасын алсаңыз да, көңілсіздікті меңзеген жаңбыр, не бір бұлтты мезгілді көре алмайсыз. "XXI ғасыр – Моне" мақаласында Говард Беренс «Ол басқа бір әлемде, қайғысы мен зары таусылған елде өмір сүретін сияқты ма-ау деп ойлап қаласыз» деп өз пікірін білдірген екен.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: h1.x66.ru
А. Құлтай