Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 66 жасқа толды. Ал біз танымал саясаткердің жұрт біле бермейтін кей қырлары жайлы айта кетпекпіз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматыда дүниеге келген. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі (1999-2002), 2013 жылдың 16 қазанынан бастап ҚР Парламенті Сенатының төрағасы қызметін атқарды.
1. Полиглот
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын және қытай тілдерін жетік меңгерген. Сондай-ақ, француз тілінде сөйлей алады. Бұл жайында "Массагеттің" мына мақаласынан толық хабардар бола аласыздар.
2. Қаламгер
Қасым-Жомарттың әкесі Кемел Тоқаев танымал жазушы болған. Қазақстандағы детектив жанрының негізін қалаушы. "Әке көрген оқ жонар" демекші, Қасым-Жомарт та жазушылыққа ден қойған. Бірақ детектив жанрында емес, мемуарлық очерктер жазып келеді. Оның ішінде тәуелсіз Қазақстанның халықаралық қатынастарына арналған тбіршама туындылары бар. 10 кітап пен бірқатар мақалалар авторы.
Салиқалы да салмақты, пайым парқы биік азамат өмірбаяны жайлы "Әке туралы толғаныс" деген ғұмырнамалық кітабында жаза кетеді. Осы бір эссесінде әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы әңгімелейді. Бұл перзенттің аялап өсірген ата-анасы туралы толғанысы, жүрек сыры іспетті. Бұл жайында да "Массагеттің" мына мақаласында толық жазыла кеткен.
Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады.
3. Үстел теннисі шебері
Қасым-Жомарт Тоқаев саламатты өмір салтын берік ұстанады. Мектепте оқып жүрген кезінде үстел теннисінен КСРО спорт шеберлігіне кандидат болған. Ал 2016-2018 жылдар аралығында Қазақстан үстел теннисі федерациясын басқарды.
Жуырда Батыс Қазақстан облысына сапары барысында жастармен үстел теннисін ойнады.
4. Twitter желісінің белсендісі
Белгілі саясаткер Twitter әлеуметтік желісін белсенді қолданатындардың қатарынан. Елдегі және әлемдегі маңызды оқиғаларға қатысты пікірін желіде үнемі білдіріп отырады. Сондай-ақ instagram желісінде де жеке парақшасы бар.