- Негізгі бет
- Тұлға
- Илон Маск жетістігінің...
Илон Маск жетістігінің сыры неде?
Wired порталына Илон Масктың туыстары, достары мен әріптестері кәсіпкердің ісі мен мінезі жайлы біраз тың мәлімет беріпті. Назарыңызға лонгридтің қысқартылған нұсқасын ұсынамыз.
Кітап оқу
Скотт Хальдеман, ағасы: "Ол өзімен бірге әйтеуір бір кітапты алып жүретін. Ол көбіне даму, табыс туралы кітаптар болатын. Жастайынан Илон табысты, ақылды адамдармен араласатын. Ол бәрін мұқият тыңдап, кейін сұрақ қоюға тырысатын".
Питер Никольсон, Масктың Scotiabank-тағы кезіндегі бастығы: "Ол идеяларға құмар болды, кеңінен ойланатын. Мәселенің ең түбіне жетуге талпынып жүретін".
Питер Бэрретт, Масктың Rocket Science Games компаниясындағы бастығы: "Ол өте білімқұмар адам. Мұндай қасиет кәсіпкер үшін өте маңызды".
Кристи Никольсон, досы: "Илонмен әңгімелескенде диалог интеллектуалдық дискуссияға айнала кететін еді. Әрдайым дайын болу керек, себебі ол лезде ғылым мен философияға ауысып кетеді. Меніңше, ол мұндай тақырыпта әңгімелескісі келмейтін адаммен мүлде сөйлеспейтін сияқты".
Роберт Зубрин, Mars Society негізін қалаушы: "2001 жылы Илон ғарыш зымырандары туралы ештеңе білмейтін. Ал 2007 жылы бұл саланы жаңғақша шағатын деңгейге жетті. Мұндай саланы меңгеру әсте оңай емес, себебі өте күрделі кітаптарды кеміру керек".
Тынымсыз еңбек
Скотт Хандельман: "Таңғаларлығы, ол аптасына үзіліссіз 70-90 сағат бойы жұмыс істей береді".
Джефф Хайльман, Илон Масктың алғашқы қызметкері: "Бірде мен оның үйінде болдым. Онда тек бір матрас пен қытай тамағының 30 қорабы бар еді. Пәтер оған тек қоғам талабы бойынша ғана керек болған сияқты, өйткені ол түбегейлі жұмыста өмір сүретін".
Джим Амбрас, Zip2 компаниясының өнімді дайындау бойынша вице-президенті: "Илон жұмыс үстелінде аптасына үш рет қана ұйықтайтын. Ол бұған қалай шыдағанына әлі де таңмын".
Джефф Хайльман: "Бағдарлама жасау кезінде Илон өзін таңертең оятып жіберуін ескертіп отырады, көбіне шаршағандықтан ұйықтап кететін. Ол ұйқыны жұмысына деген марапат емес, кедергі деп қабылдайтын".
Джим Амбрас: "Бірде біз әріптестер болып Илонды велосипед теуіп қайтуға шақырдық. Бәріміз тауға шықтық. Өрге шығу керек болды. Арамызда Илонға қиын болды. Ол басқаларға қарағанда физикалық тұрғыда әлсіз еді. Қиналып, шаршап кетті. Бірақ Илон берілген жоқ".
Жауынгер әдісі
Джереми Холлман, SpaceX-тің экс-инженері: "Ол бізден мұның қанша тұратынын сұрамайтын. Ол оның қанша уақыт алатынын сұрайтын. Уақыт – ақша".
Джим Амбрас: "Әлі есімде, ол бір күні кешкісін кеңседе көңіл-күйі болмай жүрді. Сағат кешкі тоғызда жұмыста инженерлер жоқ болғанына көңілі толмаған екен. Сағат кешкі тоғызда!
Ол адамдармен көп сөзге келіп қалатын. Егер олардың ойы Илонның пікірімен ұштаспай жатса, ол өзінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысады".
Ларс Морави, Chassis Dynamics Engineering директоры: "Илон іске асқан, мәселесі шешілген жұмыстарға көп уақыт жұмсамайды. Оған жаңа мәселемен айналысу, проблеманы шешу майдай жағады".
Жетістік – марапат
Кристи Никольсон: "Илон әлемді жақсартқысы келеді. Ол үлкен қиындықтарға қарсы тұруға әрдайым дайын тұрады. Бұл көптеген ұлы өнертапқыштарда болатын қасиет".
Скотт Хандельман: "Онымен сөйлессеңіз Илонды атақ пен ақшаға құмар деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Ол бар болғаны мақсатына жетуді ғана көздейді".
Роберт Зубрин: "Ол Тереза ана емес. Илонда эгоизм де бар. Бірақ ол Шекспирдің пьесасындағы Генрих V эгоизмі. Ол да Генрих сияқты атақты қалайды деп ойлаймын".
Үлкен армандар
Скотт Хандельман: "Ол әрдайым ғарышқа саяхаттауды армандайтын. Сондықтан болар оның ең сүйікті кітабы – "Галактикаға саяхат".
Джим Канирелл: "Илонға ақша керек емес, оған Марс керек. Бірде мен оған ROI туралы ойлану керектігін айттым. Ол болса: "ROI-ға түкіргенім бар" деп дық еткізді".
Кристи Никольсон: "Ол үшін SpaceX-тің орны бөлек. Көбі Илон үшін Tesla-ның маңызы зор деп ойлайды. Алайда ол SpaceX-тің дамуы үшін көп нәрсеге дайын".