Қожа Ахмет Яссауидің нақыл сөздері

Қожа Ахмет Яссауидің нақыл сөздері
Фото: iKaz.info

Түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, пәлсапашы Қожа Ахмет Яссауи 1093 жылы туылған. Ғұлама, әулиенің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — "Диуани хикмет" (Хикмат - жинақ) кітабы. Бұл еңбектегі хикметтердің мәні, философиясының өзегі – адам. Ал автор адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек және өзін-өзі тануы қажет дейді. Ендеше түркі мәдениетінде өзекті орны бар еңбектің негізінде алынып, ұрпаққа мол мұра болып қалған ойлы ой орамдарын назарларыңызға ұсынамыз.

* Кекірейген кердеңдерден қаш.

* Қам көңілдің қайғысына дауа бол,

  Жолда шаршап шалдыққанға сая бол.

* Ғаріптерге көңіл бөл.

* Құран ұстап оңдырмас жалған ғалым.

* Әмәнда сауап жаса.

* Тасжүрекке құдай назар салмайды.

* Жан пидасыз құр «һу-һу» - бәрі жалған.

* Өзі, сөзі тазаны қолдайды Жаппар-Аллам.

* Халқыңа қызмет ет,

   Ізгілерге ізет ет,

  Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет.

* Әуейілік, пендешілік – бір жат іс.

* Тәуба қылмай, сауда қылғаннан сақтағай.

* Не болса да – сабыр қыл.

* Шариғаттың шарты – иман.

* Күнәдан қорық.

* Нәпсің тынса – пейілің кеңір.

* Не көрсең де – Құдіреттің қалауы.

* Қайғы-уайым әр нәрседе абай болуға үйретеді.

* Шын мүсәпірге – тақ пен бақтың өзі зындан.

* Тағат қылмай өңмеңдеуден түк өнбес.

* Құштарлықтың сыры – алуан.

* Алла дерті сатылмайды.

* Ғашық патша да, ғашық пақыр да жауласа алмас.

* Ғашықтық, құштарлық дертіне дауа болмас.

* Пасық сөзден тұла бойға шаншылар мұң.

* Сүйсең – хақты сүй.

* Нәпсі көп жүгіртіп, хақты ұмыттырады.

* Кімді көрсем қызмет қылып құлы болдым.

* Білгіш болсаң – өзіңе,

  Ғашық болсаң – өзіңе.

* Сөз де надандардың көңіліне жол таба алмайды.

* Көзі жанып тұрмағанның ғашық болдым дегені бекер.

* Жан бермеген махаббат – тұрлаусыз махаббат.

* Нағыз махаббат қысқа ғұмырыңды ұзартады.

* Құштарлықтың бейнетіне де төзу керек.

* Нәпсіңді тиғың келсе – қорлыққа да көнуге тура келеді.

* Ниетсіз, құлықсз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ.

* Көңілің тойсын қанағатқа.

* Жақсыларға қызмет көрсетіп, жақсы атан.

* Ит дүниені қызықтама.

* Бейнеттен қашпа.

* Қызмет еленбей қалмайды.

* Ғашық емес – құштарына жан бермеген,

  Диқан емес – кетпен шауып нан бермеген.

  Ғашықтардан жөн сұрап әуре болма.

  Тақуа болма, тентек болма – ғашық бол.

* Алланың ақ жолынан өзге жолда қайран жоқ.

* Ғашық болсаң – таза бол.

* Кісі малын қымқырып, ары азғандар оңбайды.

* Ынсапсыздар өздерін өмір бойы шәкіртке санайды.

* Іші қулыққа толының, көкірегінде ары жоқтың жүрегі дірілдемейді.

* Нағыз тәліп (шәкірт) кісінің іші толы дүрлерге.

* Жаман тәліп зікіршіл боп төс қағар,

  Көздерінен жас тамбас.

* Құр мақтанға құмартып, тұрғызба биік күмбездер.

* Дүние фани – өткінші.

* Имансыздар өздерін өлмейтіндей көреді.

* Имансыздың көңіл көнегі ешқашан толмайды.

* Аштан өлер болсаң да – нәмартқа міндет артпағын.

* Тәубесі жоқтың – көңілі арам.

* Өз көркіңді өзің малдана берме.

* Алланы айтып тәуба қыл, алланы ойла.

* Жаны сергектің – тәні сергек.

* Менменнің барар жері – тамұқ.

* Тәкаппар тозақта күйеді.

* Бетпақ болма.

* Нәпсіге ерме.

* Нәпсіге ерген қор болады.

* Тәубасы бардың – нұры бар.

* Өткендердің ғибрат ісін ал ойға.

* Жақсыдан ғибрат ала бергеннің ісі оңға басады.

* Ғашықтық оты жан мен тәнді бірдей өртейді.

* Ғашықтық – ұлық базар.

* Шын ғашықты көрсең қуан.

* Ғашықтыққа көз жасың ғана куә.

* Жеңіп кетпей жеңілтек құр құмарлық,

* Аллаға аусын ғашықтың ырқы барлық.

* Шынайы ынтызарлық – ғашықтың бақыты.

* Мен айтпадым, алла өзі уәде берген,

   Құтқарам деп азаптан келсе пендем.

* Құштарлықсыз хақ тағаланың жүзін көре алмайсың.

* Құштарлық – дария түбіндегі ғауһар тәрізді.

* Кердеңдік – пиғылы бұзылған пасықтың ісі.

* Пейіл бұзылған кезде – ораза, намаз, тазалық ұмыт қалады.

* Бай малына мәз.

* Менмен бай құдайға да ауыз салады.

* Дүниеқоңыздың ішіне шайтан кіреді.

* Ақ көңіліңмен алла дегеніңді тәңірі біледі.

* Не көрсең де – тәңірі ісі.

* Ғайбат айтып әркімдерді тілдеу – надандық.

* Арың сақта, болсаң да малға кедей.

* Жан жылуын өшірме.

* Мұратқа жолын тапқан жетеді.

* Уа дариға арманмен өтер өмір.

* Білінбесін мінезіңнің кілтіңі.

* Жамандық ойлама.

* Қиын да болса түзу жолмен жүр.

* Бос үмітке алданба.

* Ғашықтық жол – ауыр жол.

* Өзім болдым демегейсің.

* Ұстазыңа бар ықылас-ниетіңмен қызмет қыл.

* Ұстазына қызмет қылмаған – надан.

* Ойдағың оңай орындала бермейді.

* Өтірікшінің орны – тозақ.

* Ойдағың оңай орындала бермейді.

* Жалған сөйлеген имансыз қалады.

* Ғашықпын деп көп ішінде кеуде қақпа.

* Шын ғашықтық – ұлы іс.

* Құр қалғанды алла да құп көрмейді.

* Нақақ жалаға қол қойған қазы, имамдар өздері шығарған үкімдердің астында қалады.

* Арам жеген әкімдер, параға құныққандар өкініш отына өртенеді.

* Таңдап тәтті жегендер де, атлас-қамқа кигендер де, алтын таққа мінгендер де бір күн жермен-жексен болады.

* Көңілі көзсіз кәззаптардан сақтасын.

* Бар ықылымнан таппадым таза жанды.

* Білімнен бейхабарлар алланы да білмейді.

* Дінсіз жанда иман жоқ.

* Бұл заманның бос кеуде шайқылары,

  Жиырма беске жетпей-ақ сарқылады.

* Парықсыздар өздері жақсы-жаманның не екенін білмей жатып мәнсіз біреулерді жер-көкке сиғызбай мақтайды.

* Жарым ақыл жарлылар өзгелерді иландыру үшін әулиелердің терме-нақылдарын теріс пайдаланады.

* Сайқалдығы сайтаннан да асатын жүзіқаралар кездеседі.

* Мұндарлардың маңына жоламағайсың.

* Алланы таныған – өзін де табады.

* Құдайдан қорыққан ынсапшыл келеді.

* Жамандыққа жақсылықпен жауап бер бұл – пайғамбарымыздың өнегесі.

* Жетім, пақыр, ғарыпты жебей жүргейсің: бұл – пайғамбарымыздың өнегесі.

* Өтірікшілерді жек көр: бұл – пайғамбарымыздың өнегесі.

* Адал жанды пенделерге сен: бұл – пайғамбарымыздың өнегесі.

* Заман азар уағында – патша айналар залымға.

* Тарихты білмегендер адалдық жолымен жүре алмайды.

* Бәле келсе – сабыр ет: бәрі тәңірінің ісі.

* Мал-мүлік жидым деп мәз болма – жан кеткенде кетеді.

* Ата-анаң, бауырлар қайда кетті – ойланшы,

  Төртаяқты ағаш та саған да бір күн жетеді.

* Кісі ақысын жеме.

* О дүниеге  ешкім де саған жолдас боп ермейді.

* Ғашықтың күйіп-жануы – қалауы дейді құдайдың.

* Ғашық бол, қалтқысыз адал ғашық бол.

* Пенденің кемел жасы – қырық.

* Арамзамен сырлас болма,

  Олай етсең баспайды ісің оңға,

  Бастан-аяқ батумен пәле-сорға.

* Ғалымдарға кітап керек,

  Софыларға михраб керек,

  Мәжнүндерге Ләйлі керек.

* Дүниеге құл болма.

* Мейірімі жоқ менмендерге қаспын мен.

* Ақ ниетімен ақ-адал дәмін ұсынғандарға ақ пейілді бол.

* Махаббат дәмін татпаған, жар сүйіп, қызығын көрмеген, үйін ойлап дүние таппаған, ойсыз-қамсыз шайтандыққа бой алдырғаннан иман қашады.

* Әзәзілдің арбауына көнбе.

* Тапқаның болса – ғарып-пақыр, жетім-жетіслермен бөліс.

* Нәпсіқұмар лас пиғылды жеңген тәңірі жолына түседі.

* Қолыңнан келсе кеудеңде шырақ жандыр.

* Кітап аш та – мәнін ұқ.

* Әділ сөйлеп, адал жүр.

* Жалғанқұмар, суайт сопыны жүндей түт.

* Аяқ-қолыңды жерге түсірмей мақтағандарға қуанба.

* Шын сүіспеншіліктің не екенін білмеген жан жолда қалады.

* Шын мүбәрак жанның бағы жанар.

* Бір алладан басқа жәрдемші жоқ.

* Жасырсаң ұйқы қашса, бейнет баспа.

* Ойсыз, мұңсыз уақыт зая.

* Тағаттылар табар рахат.

* Тағат жәннатқа да жол табады.

* Көңіл құсы қияндарға қонады.

* Күнә – дерт.

* Нәпсісі үшін қыр шарлаған итке ұқсағаннан – өлген жақсы.

* Жарандармен қоян-қолтық араласпасаң, жылуын да сезбейсің.

* Қайғы-уайым қиналтар талай жанды,

   Үйретер әр нәрседен абайлауды.

* Мінәжатқа шын құлықсыз тұра салма.

* Ғажап қой ішпек-жемек рахат үшін.

* Ұрыншақтың – дауы көп,

   Жамандардың – жауы көп.

* Көпке топырақтай төселіп қызмет қыл.

* Қысыр сөзге жолама.

* Безбүйректің сенің іштегі дертінде еш жұмысы болмайды.

* Ынсапсыздарға ұят-аят деген болмайды.

* Сырты – сұлу, іші – арам.

* Тәні тәрбиелінің жаны жәннатта болады.

* Ақырзаман адамдары үйлерін өрнектеуге күйкі тірлікті күйттеуге әуес келер.

* Тәубасы жоқ, көңілі арам пасықтарға тар лақатта қатты азап қасіреті бар.

* Күнә қылсаң – тәубеңе кел.

* Ғашықтық – дүниедегі ең қиын түйін.

* Жан-жара, көңіл – нала.

* Дау – арам.

* Ынтасыздың күні қараң.

* Тойымсыздық – теріс нәпсі.

* Опасыз дүние жима.

* Мінәжат сырын қиналған білер.

* Тарихат тапқан тазарар.

* Ақиқат алауы да өрттей алады.

* Асылдарды әрқашан жадыңда ұста.

* Мадақтар болсаң, шын асылды мадақта!

Н. Үсенова
Logotype Massaget