Қазаққа қызмет қылған ұлт көсемінің 5 ұстанымы

Қазаққа қызмет қылған ұлт көсемінің 5 ұстанымы
Фото: massaget.kz, martebe.kz

Бүгін – Алашорда үкіметінің жетекшісі һəм ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 153 жыл. Қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени-рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға дүниеге келген күнге орай ұлт мақтанышының 5 қанатты сөзі мен 5 ұстанымын назарларыңызға ұсынамыз.

Бес қанатты сөзі:

1. Тіршілік-ғұмыр белгісі – алыс-тартыс, арбау-әдіс;

2. Дүние билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады;

3. Білімнен мақсат шықпайды;

4. Бостандыққа апаратын жалғыз жол ұлттың ынтымағы ғана;

5. Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

Бес ұстанымы:

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: "Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді".

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек».

Үшінші ұстаным: Ә. Бөкейхановтың жобасы бойынша, "Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек". Яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру.

Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың жазуынша, Алашорда үкіметінің негізгі өзегі, ұстыны осы ұстанымдар болатын. Əуелі Қазақты отаршыл елден бөліп алып, жоғарыдағы ұстанымдарды негізге ала отырып, Жапония үлгісінде даму болатын. Өкінішке орай ұлт көсемінің бұл арман-тілегі жүзеге аспады.

10 жылдық үй жағдайындағы абақтыдан соң 1937 жылы ату жазасына кесіліп, үкім сол жылы орындалды. Смахан төренің естеліктерінде Әлиханның «Туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді» деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратыны айтылады. Туған елден, өскен жерден жырақта атылып, сүйегі күл болған көсемнің бұл тілегі орындалмады. Десе де тұлғаның ұлы сөзін ұмыт қалдырмаған ұрпақ 2016 жылдың 5 наурызында туған жері Ақтоғайдан Мәскеудегі зиратына топырақ əкеліп салды. Ресей астанасында білім алып жатқан қазақ жастарының белсенділік танытуымен Алаш зиялысының 150 жылдығына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жиынға Әлихан Бөкейханның туысы, белгілі тарихшылар, жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысқан еді.

Қазақ халқы 1991 жылы 16 желтоқсанда Алашордашылар армандаған азаттықтың ақ таңын қарсы алды. Бұл вагоннан түсіріліп атылуға айдалып бара жатқан бір топ жігітке өзі айтқандай: "Жігіттер мойымаңдар, кеуделеріңді тік ұстаңдар, Сендер ұлт үшін, ұлттың азаттығы үшін атылып барасыңдар. Біз күткен таң ерте ме, кеш пе атады» деген еді. Тарих үшін 70 жыл  жыл қас-қағым сəт болар, бірақ оның еншісіндегі 70 жыл қазақ үшін машақаты көп, азапты жұмысты атқарғанда өтпей қоятын уақыт сияқты болды. Сол жылдары қазақтың аққан қаны, төгілген көз жасының өтеуі болар тоқсан бірде тəуелсіздікті қарсы алдық. "Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, ендігі жолы өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деген еді ұлт көсемі. Ендеше, Алаштың арманы болған егемендікті арқа тұтып Алаш ардақтыларын ұлықтауға ат салысайық, ағайын!

А. Қажиев