"Әйел" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

"Әйел" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
Фото: Массагет

«Әлемдегі миллиард әйелдің көз жасын жинаса, бесінші мұхит пайда болар еді...», – деп басталған Ләйлә Сұлтанқызының «Әйел» атты кітабының тұсаукесер рәсімі кеше өткен болатын. Жиналған қауым, ерекше сәтті тосу, «Ләйлә Сұлтанқызы өмірде қандай екен?» деген сұраулы жанарлар...

Көп күттірмей Ләйлә Сұлтанқызы көпшіліктің алдына шығып, кітаптың негізгі идеясымен, оның жазылуын, өзінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісе отырып, қолдау көрсеткен жандарға ыстық ықыласын білдірді. Кейін еркін форматта оқырман мен автор арасындағы сұрақ-жауап бөліміне кезек келді. Оқырмандардың бірі өздерін толғандырған сауалдарға жауап тапса, бірі алғысын білдірді. Арасында немересі жетектеп келген әже де, «анама сыйға алдым» деген ер азаматтар да болды.

ыв

Сонымен қатар, сайтымыз ұйымдастырған байқаудың жеңімпаздары Айдана, Ақерке және Мәдина есімді оқырмандарымыз да бой көрсетті. Белсенділік танытқан оқырмандарымызға Ләйлә Сұлтанқызы өз қолымен кітабын табыстады.

ывап

Бір сағатқа созылған сұхбаттан соң, оқырмандар Ләйлә Сұлтанқызының қолтаңбасы қойылған кітапты өз қолынан алу үшін кезекке тұрды. Осылайша екі сағатқа созылған жиын әйел, отбасы туралы тәрбиелік мәні мол әңгімелер мен өмірлік тәжірибелерді бөліскен пайдалы кездесу болды.

Оқырмандарды ерекше қызықтырған кітаптың мұқабасы болатын. Зер салып қарасаңыз, халық алдында жүрген Сұлтанқызы Ләйлә емес, болмысы да, бітімі де қарапайым Ләйләнің бейнесі бірден көзге түседі.

77979

Кітаптың дизайнын жасаған Аслан Тойланин:
– Кітаптың мұқабасын жасамас бұрын, оның мазмұнымен таныстым. Ішінде айтыла бермейтін әңгімелер болғандықтан, мұқабадағы бейненің ауызын жабу бірден ойыма келді. Кітаптың түсі кофенің қанық түсіне сәйкес келеді. Бұл – жылулықтың белгісі. Ал, «әйел» сөзі қою қызыл түспен жазылған. Қызыл түс назарды өзіне еріксіз аудартады. Бұл арқылы әйелдердің қилы тағдырын, олардың айтары барын көрсеткіміз келді. Сонымен қатар, Ләйләнің қарапайым болмысын көрсеттік. Бұл жерде бар зейінімізді жанарға аудардық. Өйткені, адамның жанары ғана бар сезімді көрсете алады. Сондықтан, түсірілім барысында Ләйлә Сұлтанқызынан бақытты әрі мұңды жанарды қатар көрсетуін сұрадық. Бұл идеямыз іске асқан секілді, – деді.

Сонымен қатар, оқырмандардың бірі Диас Азимжан:
– Осындай жиындар мен кездесулер өтіп тұрса, біздің қоғамға жаңа серпіліс әкелетін секілді. Қазір басты тілегім қазақ тілді жазушылардың қатары көбейіп, олардың кітабы сатылымға жиі шықса екен. Әсіресе әйел жазушылардың қатары молайса деген ойым бар, – деп пікірін білдірді.

цыа

Әрине, қазір – креативті ойлайтын жастардың ғасыры. Бірақ, тәрбие деген ұғым ешқашан санадан өшпеуі тиіс. Тәрбиенің негізін қалайтын әйел болмысындағы сіз бен біз біле бермейтін ерекше қасиеттерді танығыңыз  келсе, бұл кітапты бірнеше рет оқып шығуға кеңес береміз.

Т. Есқали