- Негізгі бет
- Тұлға
- Ту тіккен толағайдың...
Ту тіккен толағайдың есімі талқыға салынбай жүр...
Мақала тақырыбын олай да, бұлай да ойланып қойған түріміз осы. Заманында зарлы күнді кешіп, мойындалмауды көрген батыр ерлігі бүгінде де бұрмаланып жүр. Рақымжан Қошқарбаев туралы деректерді іздестіріп көрсек те, ол туралы бірде бір көркем фильмнің, көркем шығарманың, оны қойыңызшы, ескерткіш пен көшенің жоқтығы жанға қалай батпасын? Бұл қалай болғаны?
Бүгін жеңіс туын Рейхстагқа алғашқы болып тіккен халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туған күні. Ол 1924 жылы Ақмола облысы, Ақмола ауданында дүниеге келген. 18 жасында әскерге алынып, 1944 жылы қазан айынан бастап Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясының құрамында взвод басқарады. Лейтенант Берлин операциясына қатынасып, 30 сәуірде жауынгер Григория Булатовпен бірге Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа жетіп, жеңіс туын тігумен аты қалған ер екенін жұртшылық біледі. Ал 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болады.
Қазақтың көптеген зерттеушілері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес одағының батыры атағы үшін алысып келді десек те болады.
Бірақ батырымызға атақ ресми түрде тек кеңестік билік құлаған соң ғана берілді. Өзі өмірден өтіп кеткен соң ғана 1999 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Бауыржан Момышұлы: «Қошқарбаев пен Болатов Рейхстагқа ту тіккен. Бірінші Пятницкий болған (баспалдағын басқан), содан соң Қошқарбаев, Болатов барған. Осы жерде әскердің үш жүзден астамы қырылып, үшеуі ғана қалған. Жалпы құрамында 6 адаммен жеңіс туын тігуге барғанның бірі грузин Кантария. Ту тігілді. Алтауына совет одағының батыры берілді. Болатов, Қошқарбаевқа берілмеді – олар ресми жіберілмегендер… Осының өзі әділетсіздік еді». Бұл сөзден кейін не түйсінесіз?
Ал «Лениншіл жас» газетінің 1958 жылы 20 ақпанында жазылған Кәкімжан Қазыбаевтың мақаласы бар. Жалпы, К. Қазыбаевтың қолында Рахымжан батырдың Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккендігін дәлелдейтін 100-ден астам құжат болған. Ол кісі Рахаңның ерлігі туралы алғаш “Воин Родины” атты дивизия газетiнiң 1945 жылғы мамырдың 3-iнде жарияланғанын анықтайды. Ал сол жылы мамырдың 5-інде-ақ Рахымжан Қошқарбаевқа Совет Одағының Батыры атағын беру жайлы ұсыныс қозғалғанымен, оны Мәскеу көпе-көрінеу ескермейді. Кәкең 1965 жылы ОК хатшысы Н. Жанділдинге жазған хатында мәселенің мәнісі Рахымжанның әкесі Қошқарбайдың 1937 жылы қуғынға ұшырағандығымен байланысты болғандығын ашып жазады.
Ал Кәкімжанның жары Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның айтуынша, Кәкең кезінде Рахымжан батырмен бірігіп Рейхстагқа ту тіккен, ұлты – башқұрт Григорий Булатовқа да қамқор болуды көздейді. Өкінішке қарай, ол өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болып кетеді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, марқұм Рейхстагқа тұңғыш ту тіккендер мәселесіне байланысты әділетсіздікке төзбесе керек... Бұл «Алаш айнасы» газетінің 2010 жылғы 28 сәуірдегі мақаласынан алынған ақпарат. Сонда тіпті Кәкімжан Қазыбаевтың Рақымжан Қошқарбаевтан алынған сұхбаты толық жазылған.
Тарихқа тәлкек араласты дегеніміз осы. Белгілі бір ықпалмен берілмей қалған атақ жайлы емес-ау біздікі. Біздікі Рейхстагқа ту тіккен батырымыздың есімін ұлықтау...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: alashainasy.kz
А. Құлтай